Malim.kz
Құқық

Балаларды психологиялық қолдаудағы жаңа қадамдар

Ереке Базарқұл
©egemen.kz

Қазақстанда балалардың қауіпсіздігі мен психикалық саулығын қамтамасыз ету бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылуда. 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң аясында 2026 жылдың 2 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсететін мамандандырылған кабинеттер ашыла бастады. 

Бұл кабинеттердің басты ерекшелігі — көмектің «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді түрде көрсетілуі. Мұнда балаларға арналған жайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап, сот-медициналық сараптама мен бейінді мамандардың қатысуымен сұрақ-жауап алуға дейінгі қызметтердің толық спектрі ұсынылады. Мұндай тәсіл баланы әртүрлі мекемелерге барудан сақтап, қайталама травматизацияның (қайта жарақаттанудың) алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке немесе буллингке тап болған, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленді. Бұл құжат мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, «111» байланыс орталығының, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің және өңірлік уәкілдердің өзара жедел әрекеттесу алгоритмін айқындайды.

Білім беру ұйымдарына да үлкен жауапкершілік жүктелген. Олар балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жасап, ерекше назар аударуды қажет ететін оқушылармен тұрақты жұмыс жүргізеді. Мектептер зорлық-зомбылық пен буллингтен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз етіп, психологиялық қолдау орталықтарымен тығыз байланыста болады. Сондай-ақ, білім ошақтары кез келген құқық бұзушылыққа төтеп бере алатын қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға міндетті.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап өткендей, жастарды тәрбиелеуде рухани төзімділік пен жауапкершілікті қалыптастыру маңызды. Бұл жүйелі шаралар елімізде балалар үшін қауіпсіз және психологиялық тұрғыдан жайлы орта құруға бағытталған.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары