Malim.kz
Қоғам

Балалардың ең кішкентайы 2-де: Оралда бір үйдің 5 баласы газдан уланып қалды

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Орал қаласында бір отбасының бес баласы газдан уланып, медициналық көмекке жүгінді. Оқиға 18 желтоқсан күні болғанын облыстық балалар ауруханасының директоры Сержан Есенкөбеков "Мой город" басылымына растады, деп хабарлайды Malim.kz.

Дәрігердің айтуынша, балалардың жасы екі мен 13 жас аралығында. Қазіргі уақытта олардың жағдайы орташа деңгейде деп бағаланып отыр.

Балалардың анасы да қалалық ауруханаға жеткізілген. Алайда оқиғаның нақты себептері әзірге жарияланған жоқ.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта балалардың газдан уланғаны айтылған. Бұл мәліметті Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті де растады. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, улану туралы шақырту 112 жедел қызметіне түскен.

Ал облыстық білім беру басқармасы балалардың дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін, олардың жағдайы қазір тұрақты екенін мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Балалардың нақты неден уланғаны анықталып жатыр, қосымша мәліметтер тексеру нәтижесінде белгілі болады.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары