Қазақстанда балаларға арналған ойын автоматтарының қызметін реттейтін заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамада мұндай автоматтардың жұмысы нақты реттелмеген.
— Жақын арада осы мәселеге қатысты заңнамалық түзетулер таныстырылады. Қазіргі таңда «кран» түріндегі ойын автоматтары ешбір мемлекеттік органның құзыретіне кірмейді. Сондықтан оларды қадағалайтын уәкілетті орган айқындалады, — деді ведомство басшысы.
Еске салайық, былтыр сенатор Ғалиасқар Сарыбаев «кран» түріндегі ойын автоматтарының саны күрт артқанын айтқан болатын. Оның сөзінше, мұндай құрылғылар мектептер, үйірмелер мен спорт секцияларының маңында, сондай-ақ балалар жиі баратын дүкендерде жаппай орнатылып жатыр.