Шымкенттегі «Машат Арасан» балалар лагері жаңа маусымын бастады, деп хабарлайды Malim.kz.
15 тамыздан бері алғашқы он күндік ауысымда 281 бала демалып жатыр.
Лагерьде әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан 7–16 жастағы балалар тегін тынығуда. Олардың демалысына қатысты барлық шығын қала бюджетінен қаржыландырылады.
Машат шатқалында орналасқан лагерьде балалар үшін спорттық және шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылған. Олар футбол, баскетбол, волейбол, шахмат және дойбы ойнап, КВН, викторина және түрлі отрядтық шараларға қатысуда.
Балалардың қауіпсіздігіне тәжірибелі тәрбиешілер, жетекшілер мен спорт мамандары жауап береді. Сонымен қатар демалушыларға күніне бес мезгіл тамақ беріледі.
Алғашқы ауысым 25 тамызда аяқталады. Ал келесі жылдан бастап лагерьде сегіз ауысым ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жайлы коттедждердің болуы «Машат Арасанның» болашақта жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.