Malim.kz
Мәдениет

«Балалық шақ пен көктем палитрасы»: Ұлттық музейдегі жарқын мереке

Ереке Базарқұл
© Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі

Көктемнің алғашқы күндерімен бірге келетін жаңару мен жаңғыру мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде ерекше мәдени оқиға болды.

2026 жылдың 5 наурызында мұнда «АртУм» балалар студиясының «Балалық шақ пен көктем палитрасы» атты шығармашылық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Бұл шара тек көрме ғана емес, сонымен қатар жас дарындардың ішкі әлемі мен олардың қоршаған ортаға деген таза махаббатының айғағы іспеттес.

Көрменің ұйымдастырушысы – 13 жылдан астам уақыт бойы балалардың бойына өнер нәрін сеуіп, шығармашылық әлеуетін дамытып келе жатқан «АртУм» студиясы. Айта кетерлік жайт, аталған студия 2024 жылы «Қазақстанның үздік кәсіпорны» атағына ие болған. Осы жылдар ішінде студия көптеген жеткіншектердің шығармашылық қабілетін дамытуға және оларды үлкен өнер жолына баулуға елеулі үлес қосып келеді.

Экспозицияға студия тәрбиеленушілерінің 40-қа жуық туындысы қойылған. Бұл жұмыстарда ұлттық нақыштағы әйелдер бейнесі, табиғат пейзаждары және бала қиялынан туған ертегі әлемі үйлесім тапқан. Әрбір туынды түрлі көркемдік техникалармен орындалып, жас суретшілердің көктемгі шабыты мен қоршаған әлемге деген шынайы көзқарасын паш етеді.

Салтанатты шараны Ұлттық орталық музейдің ғалым-хатшысы Ерсін Жайнаков пен Қоғаммен байланыс және көрмелерді ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко ашты. Олар қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, музей қабырғасында балалар шығармашылығына қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Музей мамандарының пікірінше, мұндай жобалар жас таланттарды ынталандыруға және олардың болашағына жол ашуға септігін тигізеді.

«АртУм» студиясының көркемдік жетекшісі, «Тұмар-Арт» педагог-суретшілер одағының мүшесі Анара Нұранова өз сөзінде балалардың өнерге деген құштарлығын қолдайтын ата-аналар мен ұстаздарға алғысын білдірді. Ол балалардың бүгінгі талпынысы ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы екеніне сенім білдіріп, шығармашылық жолдың маңыздылығын қаперге салды.

Бұл таңғажайып көрме 2026 жылдың 17 наурызына дейін жалғасады. Ұлттық музей барша қала тұрғындары мен қонақтарын балалық шақтың шуақты түстеріне қанығып, көктемгі көңіл-күй сыйлайтын көрмені тамашалауға шақырады.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары