Malim.kz
Қоғам

Баланың мүддесі: Конституциялық сот маңызды қаулы қабылдады

Айбын Атабай
Фото: kz.kotex.com

Конституциялық Сот ажырасқаннан кейін балалар мен ата-аналардың құқықтарын қорғауға қатысты маңызды шешім қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, мәселе сот ата-ананың баламен араласу тәртібін белгілеп қойған жағдайлар туралы болып отыр.

Мысалы, сот әкенің немесе ананың баламен белгілі бір күндері және белгілі бір уақытта кездесуге құқығы бар екенін анықтайды. Алайда іс жүзінде екінші ата-ананың бұл сот шешімін орындамайтын жағдайлары жиі кездеседі.

Мұндай жағдайларда азамат сот шешімін орындату үшін жеке сот орындаушысына жүгінуге мәжбүр болады.

— Қолданыстағы заңнама жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу міндетін тек сот шешімінің орындалуына кедергі келтірген ата-анаға ғана емес, сонымен қатар сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-анаға да жүктейді, — делінген прокуратураның хабарламасында.

Яғни, адам алдымен сотта жеңіп шығады, кейін өзінің заңды құқығын жүзеге асыру үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болатын.

Конституциялық Сот мұндай тәсілді Конституцияға қайшы деп таныды.

Егер адам өз пайдасына шығарылған сот шешімінің орындалуы үшін ақы төлеуге мәжбүр болса, бұл оның құқықтарын қорғауға қосымша кедергі келтіреді.

Демек, қаулының негізгі мәні мынада: егер сот ата-ананың баламен араласу құқығын растаған болса, онда бұл құқықты жүзеге асыруға ешқандай кедергі, оның ішінде материалдық кедергілер де болмауға тиіс.

— Конституциялық Соттың бұл шешімі тек ата-аналар үшін ғана емес, ең алдымен балалар үшін маңызды. Ол отбасылық байланыстарды сақтауға және баланың мүдделеріне сай келген жағдайда оның екі ата-анасымен де қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған, — деп түсіндірді ведомстводан.

Үкіметке алты ай ішінде заңнамаға өзгерістер енгізу және жеке сот орындаушылары қызметіне ақы төлеу тәртібін Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіру тапсырылды.

Конституциялық Соттың нормативік қаулысының толық мәтінімен таныса аласыз. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары