Malim.kz
Қоғам

"Банктер ипотека бермейді": Премьер-министр Бектенов мұның кімге қатысы барын айтты

Айбын Атабай
Malim.kz

Елде үлестік құрылыс саласына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді құрылыс компаниялары тиісті рұқсат пен мемлекеттік кепілдіксіз үлескерлердің қаражатын тарта алмайды. Мұны Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz

Премьер-министрдің айтуынша, мұндай кепілдік болмаған жағдайда банктер де осындай нысандарға ипотекалық несие бермейді.

“Үлестік құрылыс саласындағы талаптар күшейтілді. Енді тиісті рұқсат пен мемлекеттік кепілдіксіз құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын тарта алмайды. Сонымен қатар банктер мұндай нысандарға ипотека бермейді”, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жаңа ережелерде құрылыс қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да күшейтілгенін айтты. 

“Құжатта сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге ерекше назар аударылған”, – деді премьер-министр.

Сонымен қатар билік қалаларды егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын өзгертуге бақылауды күшейтпек. Бұл шамадан тыс және заңсыз құрылыс салудың алдын алуға бағытталған.

Бұдан бөлек, премьер-министр елімізде құрылыс саласын цифрландыруды жеделдету жоспарланып отырғанын айтты. 

“Елімізде бірыңғай құрылыс порталы іске қосылады. Бұл портал саладағы ашықтықты арттырып, түрлі жүйелерді “бір терезе” қағидаты бойынша біріктіреді. Сонымен қатар артық бюрократия мен рәсімдеу мерзімдерін қысқартады”, – деді Бектенов. 

Олжас Бектенов өнеркәсіп және құрылыс, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне шілде айының соңына дейін құрылыс жобаларын сараптауға арналған жасанды интеллект модульдерін пилоттық режимде іске қосуды тапсырды.

Сонымен қатар  бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын қала құрылысы кадастрына енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

“Облыс әкімдіктеріне 1 маусымға дейін құжаттарды толық пысықтап, оларды цифрлық форматқа жүктеуді тапсырамын”, – деді Бектенов.

Бірыңғай құрылыс порталы қалай жұмыс істейді?

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев порталдың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. 

 Оның айтуынша, Бірыңғай құрылыс порталы бұған дейін әртүрлі жүйеде жүргізілген жоспарлау және бақылау процестерін бір алаңға біріктіреді. Бұл құрылысты жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі кезеңнің ашықтығын қамтамасыз етеді.

“Қағаз құжат айналымына балама ретінде Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіенгізілді. Электрондық базада еліміздің 89 қаласының бас жоспары жинақталған. Жүйе автоматты бақылау функциясын орындайды. Егер құрылыс салушы ұсынған жобаның параметрлері қаланың бекітілген даму жоспарына сәйкес келмесе, рұқсат құжаттамасын беру бұғатталады”, – деді министр. 

Министрдің айтуынша, қазір құрылыс саласында үш түрлі ақпараттық жүйе жұмыс істеп келеді. Алайда олардың әрқайсысы бөлек жұмыс істегендіктен, бұл пайдаланушыларға қолайсыздық тудырған. Сондықтан Qportal.kz порталы осы жүйелерді біріктіріп, құрылыс нысандарының бүкіл циклін қамтитын бірыңғай цифрлық платформаға айналмақ.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары