Белгілі қазақстандық тележурналист Азат Рыстанбек өмірден озды, деп хабарлайды Malim.kz.
Телеарнаның хабарлауынша, журналист жексенбі, 2 қараша күні қайтыс болған.
Азат Рыстанбек отандық тележурналистиканың дамуына зор үлес қосқан. Ол тарихи сана мен ұлттық жадты жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобалардың авторы болды.
Ол «Алтайдан Анадолыға», «Русафа: маңызды миссия», «Петсамо–Киркенес операциясы» сынды деректі фильмдерді түсіріп, көрермендердің жоғары бағасын алған.
Соңғы жылдары Азат Рыстанбек «Хабар» агенттігінде бағдарламалар өндірісі бөлімінің шеф-редакторы қызметін атқарды. Медиахолдингтің 30 жылдығына орай ол өмірден өткен әріптестеріне арналған деректі фильм әзірлеген.
Қазақстан тележурналистикасының дамуына қосқан еңбегі үшін ол «Халық алғысы» төсбелгісімен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ, «Ақпарат саласының үздігі» атағына ие болған.