Malim.kz
Әлем

«Бәрі әлі алда»: Трамп Иранға жаңа соққылар жасалатынын мәлімдеді

Арман Қайыпхан
Фото: x.com/whitehouse

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран жайлы айта келе, америкалық әскерилер «оларды күйретіп жатыр», алайда ең ауыры әлі алда екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл жайында ол CNN телеарнасына телефон арқылы берген сұхбатында мәлімдеді.

«Біз оларды күйретіп жатырмыз, — деді Трамп. — Меніңше, бәрі өте жақсы жүріп жатыр. Бұл — өте қуатты әрекет. Біздің армия — әлемдегі ең күшті армия, және біз оны қолданып жатырмыз».

Қақтығыс қанша уақытқа созылуы мүмкін екені жайлы ой бөліскен президент оның тым ұзаққа созылғанын қаламайтынын жеткізді.

«Мен бұған дейін де бұл төрт аптаға созылады деп ойладым. Қазір кестеден сәл озып келеміз», — деді ол.

АҚШ әскери операциядан бөлек, иран халқына «елдегі бақылауды қайтаруға» көмектесу үшін қандай да бір шаралар қабылдап жатыр ма деген сұраққа Трамп оң жауап берді.

«Әрине. Бірақ қазір біз бәрінің үй-жайда болғанын қалаймыз. Сыртта қауіпті», — деп атап өтті Ақ үй басшысы.

Оның айтуынша, жағдай одан әрі қауіпті бола түседі.

«Біз шын мәнінде ауыр соққыларды әлі бастаған жоқпыз. Ең ауыры әлі алда», — деп түсіндірді ол.

Бұған дейін The New York Times басылымына берген сұхбатында Трамп қажет болған жағдайда америкалық әскерилер Иранға жасалатын шабуылдарды төрт-бес апта бойы жалғастыратынын айтқан еді.

Ал Daily Mail-ге берген сұхбатында АҚШ басшысы Иранға қарсы операция «төрт апта немесе одан да аз уақытқа» созылатынын мәлімдеді.

Сенбі, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авивте соққылардың мақсаты — Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екені айтылды. Ал Америка Құрама Штаттарының президенті Иран флотын және қорғаныс өнеркәсібін жою ниетін білдіріп, ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары