Malim.kz
Білім-ғылым

Бәрін тастаңдар! Google мен Anthropic Сэмді қобалжытып отыр

Ереке Базарқұл
© malim.kz иллюстрациясы / Gemini / Nano Banana

OpenAI компаниясы ChatGPT сапасын жақсарту үшін «қызыл код» режимін енгізді. Бұл туралы malim.kz тілшісі Forbes UA басылымына сілтеп хабарлайды.

OpenAI бас директоры Сэм Альтман қызметкерлеріне - қазір компания ChatGPT сапасын арттыруға басымдық беріп, басқа өнімдердің дамуын уақытша кейінге қалдыратынын хабарлады. Бұл туралы 2 желтоқсанда The Wall Street Journal компания ішіндегі хат-хабарға сілтеме жасап жазыпты.

Бұл шешім OpenAI-ге жасанды интеллект саласындағы бәсекелестер тарапынан күшейген қысымды айқын көрсетеді. Соңғы айларда стартаптың нарықтағы басымдығы айтарлықтай төмендеген еді.

Альтманның айтуынша, ChatGPT-дің күнделікті қолданыстағы сапасын әлі де жетілдіру керек. Компания - боттың жылдамдығын, жауаптарының сенімділігін, қолданушыға бейімделу мүмкіндігін арттырып, жауап бере алатын сұрақтар аясын кеңейтпек.

Осыған байланысты OpenAI өзінің - жарнама жобалары, медицина мен онлайн-сатылымға арналған AI-агенттер және Pulse атты жеке ассистент сияқты бастамаларын кейінге қалдырады.

Сэм Альтман қызметкерлерді уақытша басқа командаларға ауыстырып, ChatGPT сапасын жақсарту бойынша күнделікті жиналыстар өткізуге тапсырма берді.

X платформасында ChatGPT жетекшісі Ник Терли ендігі басты мақсат — чат-ботты кеңейтілген масштабта жұмыс істете отырып, оны «басқалардан түсінікті және дара» ету екенін айтты.

Google-дың күшеюі алаңдатады

Альтманды ерекше алаңдатып отырған — Google. Компания өткен айда Gemini моделінің жаңа нұсқасын таныстырған еді. Ол OpenAI көрсеткіштерінен асып түсіп, Google акцияларының өсуіне ықпал етті.

Gemini қолданушыларының саны да жылдам артып келеді: тамызда Nano Banana сурет генераторы іске қосылғаннан кейін Google ай сайынғы белсенді қолданушылардың 450 миллионынан 650 миллионына дейін өскенін хабарлады.

OpenAI Anthropic компаниясы тарапынан да қысымға ұшырауда. Бұл компания ірі бизнес-клиенттер арасында жақсы танылып келеді.

Қаржылық қысым

OpenAI, деректер орталықтарына жүздеген миллиард доллар инвестиция салу туралы міндеттеме алған. Бұл инвестицияның нақты табысқа қашан айналатынына қатысты бұлыңғырлық соңғы апталарда нарықты алаңдатып отыр.

Компания әлі де жеке, биржаға шығу жоспары жоқ. OpenAI-дың табыстылығы Nvidia, Microsoft, Oracle сияқты серіктес алпауыттардың көрсеткіштерімен тығыз байланысты.

OpenAI қазіргі таңда пайда таппайды және қызметін жалғастыру үшін инвестицияны үздіксіз тартуға мәжбүр. Бұл оны өз табысы есебінен инвестиция жасай алатын Google сияқты алпауыттардан қаржылық жағынан әлсіз етеді.

Компания ақшаны Anthropic-тен де көп жұмсайды екен. Өз болжамдары бойынша, OpenAI 2030 жылға қарай табысқа шығу үшін жылдық кірісті шамамен 200 млрд долларға дейін арттыруы қажет.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары