Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы күллі мұсылман қауымы асыға күтетін он екі айдың сұлтаны – қасиетті Рамазан айының келуіне байланысты халыққа арнайы үндеу жариялады.
Мемлекетіміздің рухани тірегі саналатын Бас мүфти өз сөзінде бұл айдың берекесі мен шарапатын тілге тиек ете отырып, барша отандастарын осынау рухани жаңғыру кезеңінде ізгілікке ұмтылуға шақырды.
Оразаның тек аш жүру емес, ең алдымен жүректің амалы екеніне тоқталған Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазанды ниетті түзету мен нәпсіні тәрбиелеудің алтын көпірі ретінде сипаттады. Оның айтуынша, оразаның шынайы рухы адамды жаратушы иесіне жақындатып, ой мен ішкі жан дүниені түрлі дерттерден тазартуға және көркем мінезбен безендіруге негізделген. Сондықтан ауыз бекіткен жанның басты мақсаты ас пен судан тыйылу ғана емес, тақуалықтың биік шыңына ұмтылу болуы тиіс.
Сонымен қатар Бас мүфти ел ішіндегі ауызбіршілік пен қайырымдылық мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Ол халқымыздың Рамазанды әрқашан ерекше дайындықпен және үлкен үмітпен күтетінін айта келе, барша кәсіпкерлер мен кәсіп иелерін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына жеңілдік жасап, халықтың жағдайына қолдау көрсетуге үндеді. Рамазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастыратын қайырымдылық шараларына үлес қосу – әрбір азамат үшін үлкен сауапты іс болмақ.
Үндеуде қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа қолайлы бағамен ұсынудың маңыздылығы, сондай-ақ бұрыннан келе жатқан құдайы астарды ауызашар уақытында өткізудің тиімділігі де айтылды. Бұл қадамдар берекені арттырып, сауаптың еселенуіне жол ашады. Мұнымен қоса, Бас мүфти қоғамның рухани саулығын сақтау мақсатында дүкен сөрелерінде жамандықтың бастауы саналатын арақ-шараптың сатылмауына қатысты өз тілегін білдіріп, халықты осынау қасиетті айда жат қылықтардан аулақ болуға шақырды.