Malim.kz
Қоғам

Бас прокуратура Тоқаевқа Досаеваны жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолдады

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Қазақстанның Бас прокуратурасы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаеваны жауапкершілікке тарту туралы ұсынысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдады, деп хабарлайды Malim.kz КазТаг-қа сілтеме жасап.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 873-бабына сәйкес, Бас прокуратура мемлекет басшысының атына судья Досаева А.К.-ны мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға келісім беру туралы ұсыныс жолдады», — деп хабарлады Бас прокуратура.

Ведомствоның мәліметінше, бұл мәселе Жоғары сот кеңесінде қаралады (Қазақстан Республикасының «Жоғары сот кеңесі туралы» заңының 3-бабына сәйкес).

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бабының 2-тармағына сәйкес, судьяны Президенттің немесе кей жағдайларда Сенаттың келісімінсіз қамауға алуға, мәжбүрлеп жеткізуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазаға тартуға немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды. Мұндай келісім Жоғары сот кеңесінің қорытындысына негізделеді. Тек қылмыс орнында ұсталса немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайда ғана бұл ережеден тыс жағдай болуы мүмкін», — деп түсіндірді Бас прокуратура.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде судьяның ұсталғаны туралы хабарлаған болатын. Арнаның мәліметінше, Досаева көлікті мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз басқарған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары