Malim.kz
Қоғам

Бас прокурор ұлдары әскерде қаза тапқан аналарға қатысты шұғыл мәлімдеме жасады

Айбын Атабай
Gov.kz

Бас прокурор Берік Асылов президенттің тапсырмасынан кейін ұлдары әскерде қаза тапқан аналарды қабылдайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеп. 

Айта кетейік, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырған болатын.

Асыловтың сөзіне сенсек, әрбір ананың уәжі назардан тыс қалмайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайды. Олардың әрбір уәжі назардан тыс қалмайды», - деп жазды Асылов.

Бас прокурорға сенсек, бұдан басқа әскери қызметшілердің қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі жұмыстарға, әскери қызметке шақырудың заңдылығына және медициналық қызметтің қорытындылары қаншалықты негізді болды деген дүниелерге баға беріледі.

«Осы жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылды», - деп мәлім етті Асылов.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары