Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова өнер жолының алғашқы жылдарында басынан өткен әділетсіз жағдайды еске алды. Әншінің айтуынша, 1983 жылы Мәскеуде өтетін байқаудың финалына жолдама алғанымен, оның орнына жарысқа мүлде қатыспаған басқа адам жіберілген, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазып, жастық шағындағы естелігін бөлісті.
Мақпал Жүнісованың сөзінше, ол 1983 жылы Мәскеуде өтетін байқаудың финалдық кезеңіне өткен. Алайда шешуші кезеңге қатысу мүмкіндігінен айырылған. Әнші сол кездегі Мәдениет министрлігінің өкілдері өзіне финалға бармайтынын хабарлағанын айтты.
"1983-ші жылдан естелік, финалға Москваға өтіп тұрып, орныма мүлдем қатыспаған біреудің кеткені, маған сол кездегі Мәдениет министрлігінен сен бармайтын болдың финалға дегені еске түсті", – деп жазды әнші.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мақпал Жүнісова белгілі әнші Тоқтар Серіковтің мемлекеттік наградаға ие болуына байланысты құттықтауын жеткізген еді.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының дамуына елеулі үлес қосқан, Қазақстанның халық әртісі, ерекше дауысымен және өзіндік орындаушылық мәнерімен танылған әнші. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Теректі ауылында дүниеге келген.
Бала кезінен өнерге жақын өскен Мақпал Жүнісова кәсіби шығармашылық жолын 1981 жылы "Қазақконцерт" бірлестігінде солист болып бастаған. Табиғи дарыны мен кең диапазонды дауысының арқасында жас әнші көп ұзамай қалың тыңдарманның ықыласына бөленді.
Өнер жолында ол Қазақстанның түрлі өңірлерімен қатар шетел сахналарында да концерт беріп, қазақ әндерін халықаралық деңгейде танытуға атсалысты. Оның орындауындағы халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары тыңдарман арасында кеңінен танылды.
Мақпал Жүнісованың шығармашылық еңбегі жас кезінен жоғары бағаланды. Ол 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанса, 31 жасында Қазақстанның халық әртісі құрметті атағына ие болды.
Әнші сахналық қызметімен қатар білім беру саласында да еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған өнер иесі кейін жас таланттарды тәрбиелеуге көңіл бөліп, ұстаздық қызмет атқарды. Көп жылғы еңбегінің нәтижесінде профессор атанды.
Мақпал Жүнісованың репертуары халық әндерімен ғана шектелмейді. Ол романстарды, эстрадалық және джаз бағытындағы шығармаларды да орындап, жан-жақты өнер иесі екенін көрсетті. Әншінің басты ерекшелігі – сыршыл дауысы, шығарманың мазмұнын терең сезініп, оны тыңдарманға шынайы жеткізе білуі. Осы қасиеттері оның бірнеше буын көрерменнің сүйікті әншісіне айналуына ықпал етті.
Өнерсүйер қауым Мақпал Жүнісованы қазақ эстрадасының примадоннасы, "Орта Азияның бұлбұлы" деп атайды.
Бүгінде әнші шығармашылық қызметін жалғастырып, концерттерге қатысып келеді. Оның орындауындағы әндер әлі күнге дейін көпшіліктің ықыласына бөленіп, қазақ музыкасының құнды мұрасы ретінде бағаланады.