Malim.kz
Қоғам

"Басымды көтерші деді": Бағдат Әшімова марқұм Асанәлі Әшімовтің ақтық демі үзілер шағын еске алды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Ашық дереккөзден. Суретте: Бағдат Әшімова мен Асанәлі Әшімов

Қазақ киносының аңыз тұлғасы, марқұм Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова актердің өмірінің соңғы минуттарын еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, Асанәлі Әшімов соңғы демі қалғанша жақындарымен сөйлесіп отырған.

"Үш минут... Соңғы үш минутқа дейін сөйлеп отырды. "Белім ауырып тұр. Кеудеме ауруы беріп тұр, біраз жатайыншы" деді. Жатқан соң, "басымды көтерші" деді, көтердім. "Тағы да көтерші" деді, көтердім. Болды...көзін жұма салды. Өзі де білмей қалды. Ол кетіп қаламын деп ойлаған жоқ. Жасанды дем бердік, жүрегіне массаж жасадық.Бірақ... үш минутта кете барды", – дейді Бағдат Әшімова. 

Еске салайық, қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасында дүниеден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған майталман актер ұлттық театр мен кино саласының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді.

Бұған дейін Алматыда "Жаңа ғасыр" театрына қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің есімі берілгенін жазған едік.

Асанәлі Әшімов туралы

Асанәлі Әшімов 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында туған. Шығармашылық жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бастап, кейін қазақ мәдениетінің символына айналды.

Асанәлі Әшімов актерлік өнермен қатар режиссер, сценарист және ұстаз ретінде де көпшілік құрметіне бөленді.

Ол "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" секілді танымал фильмдердегі рөлдері арқылы қазақ киносының алтын қорынан орын алды. Халық әртісінің сахнадағы дара болмысы мен мол мұрасы қазақ мәдениеті тарихында мәңгі сақталмақ.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары