Батыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығынан үш адам үсіп көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, 15 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде бұрын жоғалып кеткен төрт адамның үшеуі үсіктен қаза тапқаны анықталды.
Бұған дейін БҚО-да ауа райының күрт нашарлауына байланысты Жәнібек, Бөкейорда, Қазталов және Ақжайық аудандарында бес адам жоғалып кеткені хабарланған еді. Кейін құтқарушылар үш ауыл тұрғынының мәйітін тапты.
54 жастағы Ақжайық ауданының тұрғыны табылып, аяқ-қолының үсіп қалғаны анықталған. Ол жедел түрде Орал қаласындағы ауруханаға жеткізілетін болды. Ал бір адам әлі табылған жоқ – ол 1966 жылы туған ер адам.
"13 желтоқсанда Жәнібек ауданының Қойженкөл ауылдық округіне қарасты "Бұхар" қыстағынан шығып кеткен. Оның іздестіру жұмыстарына ТЖД бөлімшелері, құтқару батальонының 20 әскери қызметкері, полиция және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Құтқарушылар мен тергеу тобы іздеуді жалғастыруда", – деп хабарлады БҚО ПД баспасөз қызметі.
13-14 желтоқсан күндері арасында Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында (Жаңақала, Бөкейорда, Жәнібек, Қазталов) ауа райының нашарлауына байланысты 10 автожолда қозғалыс уақытша шектелді. Кейбір учаскелерде шектеу жүк және жолаушылар көліктеріне қатысты болды.