Malim.kz
Қоғам

Бейнебақылау камераларына қойылатын талаптар өзгереді

Айбын Атабай
Magnific.com

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен "Бейнебақылау жүйелері. Бейнекамералардың түрлері мен орналастырылуына қойылатын талаптар" ұлттық стандарты бекітілді. 

СТ РК 4031-2026 — ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде қолданылатын бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін алғашқы ұлттық стандарт.

Ол Ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес әзірленді. Стандартты әзірлеуге Ұлттық қауіпсіздік комитеті өтінім берді. Құжат 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енеді.

Құжат бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану талаптарын біріздендіруге, сондай-ақ жабдықтардың өзара үйлесімін арттыруға бағытталған. Ол жобалау, салу және реконструкциялау кезінде көзделетін, кейіннен цифрлық мониторинг жүйелеріне қосылуы мүмкін бейнекамералар мен бейнебақылау жүйелеріне қолданылады.

"Стандарттың негізгі ерекшелігі – бейнекамералардың техникалық сипаттамаларына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптардың белгіленуі. Атап айтқанда, матрица түрі, ажыратымдылығы, жарық сезімталдығы, кадр жиілігі, объективтердің параметрлері, жұмыс температурасының диапазоны, сыртқы әсерлерден қорғау кластары, сондай-ақ жабдықты монтаждау және орналастыру талаптары айқындалды", – деді Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.

Алғаш рет ұлттық деңгейде бейнекамералардың қолданылу мақсатына қарай жіктелді:

Сыртқы аумақтарды бақылау,

Ғимараттар мен құрылыстардың ішкі үй-жайларын бақылау,

Адамдарды анықтау мен сәйкестендіру,

Көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тану,

Басқарылатын бейнекамералар

Сонымен қатар бейнебақылау жүйелеріне қойылатын жүйелік талаптар бекітілген. Енді бейнемәліметтерді үздіксіз тіркеп, кемінде 30 тәулік сақтауы тиіс.

“Жүйелер өзара іс-қимылдың заманауи хаттамаларын қолдауы, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай ақпаратты қорғауы, сондай-ақ тұлғаларды, көлік нөмірлерін тану және оқиғаларды тіркеуді қоса алғанда, зияткерлік бейнеталдауды  қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет”, – делінген хабарламада.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары