Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысын тексерді, деп хабарлайды Malim.kz.
Олжас Бектенов облыс орталығындағы тұрғын үй алаптары бекіністерін тексеру барысында Атырау қаласының су тасқынының болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Батыс өңірде Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан судың келуіне байланысты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр.
Тұрғын үй алаптарын нығайту, сондай-ақ Жайықтың өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстарының қарқыны тексерілді. Тиісті күштердің көлемді судың келуіне дайындық деңгейін қарап көрді.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырау облысына су тасқыны жағдайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды.
Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 км қорғаныс бөгеттері салынды, аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқылы тексерілді. Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкімдік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Еріктілер тарапынан белсенді көмек көрсетілуде. Өткен сенбіде жағалауды нығайту сенбілігі аясында қаланы қорғау жұмыстарына 9 мыңға жуық ерікті қатысты.
Сонымен қатар Жайық өзенінен Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Су жолдарын тазарту, тереңдету және кеңейту мақсатында арнайы техникалық флоттық кемелер, гидравликалық экскаваторлар қолданылуда.
Мысалы, NCOC компаниясы қолданыстағы құрылыстарды бөлшектей отырып, ұзындығы 24 км болатын «Соколок» қосымша айналма арнасын салу үшін жерді қазу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы алғанда, аталған су бұру арналары тасқын суды 139,9 м3/сек ағызу мүмкіндігіне ие. Барлық негізгі су қабылдағыштарда сорғы стансаларының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда.
Фото: Үкімет