Malim.kz
Қоғам

Бектенов тау кластерін дамыту бойынша тапсырма берді

Айбын Атабай
Үкімет

Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. Олар – АТК және Almaty Superski жобалары бойынша мемлекеттік сараптама қорытындыларын уақытында беру; жобаларды ғылыми сүйемелдеу; арнайы және өрт сөндіру техникаларының өтуі үшін қосымша учаскелер бөлу жөнінде шаралар қабылдау; Almaty Superski курортының нысандарын салуды бастау үшін уақытша инфрақұрылым (жолдар, инженерлік желілер және т.б.) жүргізу және қажетті келісімдер беруді қамтамасыз ету.

Жалпы, Алматы тау кластерін және Almaty Superski жобасын дамыту заманауи және қолжетімді тау инфрақұрылымын кеңейтуге, бұқаралық және кәсіби спортты танымал етуге, сондай-ақ жыл бойғы демалысты ынталандыруға бағытталған. Almaty Superski жобасы өңір экономикасы үшін жаңа өсу нүктесіне айналуға, мыңдаған жұмыс орындарын құруға, туристік ағынды ұлғайтуға, Қазақстанның тау туризмінің халықаралық картасындағы позициясын нығайтуға және Алматының Орталық Азияның заманауи туристік орталығы ретінде дамуына жаңа серпін беруге қабілетті.

Тұжырымдаманың маңызды бөлігі балалар мен жасөспірімдерді қысқы спорт түрлерімен, белсенді өмір салтымен және тауда қауіпсіздікті сақтау мәдениетімен таныстыру үшін мектеп және білім беру бағдарламаларын іске қосу болмақ. Кадрларды даярлау мақсатында тау шаңғысы мамандықтары бойынша 350-ге жуық грант бөлу жоспарлануда. Колледждер аспалы жол инженерлерін, көтергіш механиктерді, трассалар мен қар инженерлерін, қар зеңбіректері, қар көшкіні және тағы да басқалар бойынша мамандар даярлауды бастайды.

Жұмыстардың жекелеген бір бағыты – салалық ғылыми институттармен және сараптамалық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Жоба шеңберінде экология, зоология, топырақтану, геология, гидрология саласындағы мамандармен өзара іс-қимыл жүргізіледі. Мұндай тәсіл жобаны заманауи ғылыми деректер, халықаралық қауіпсіздік стандарттары және табиғи ортаға ұқыпты қарау қағидаттары негізінде жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Туризм және спорт министрлігінің деректері бойынша, жобаларды жүзеге асыру жыл бойғы туристік ағымды 2-ден 5 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл аймақ пен жалпы еліміз үшін елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары