Malim.kz
Қоғам

Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ қызы туған-туыстарымен қауышты

Мадияр Қапанбек
stan.kz

Бала кезінде шетелдік отбасының қамқорлығына берілген қазақ қызы биологиялық туыстарын тауып, олармен Бельгияда кездесті. Анджелина Динара енді өзінің шыққан тегін жақсы білетінін және туған-туыстарымен байланысын үзбейтінін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

"Қазақстан" ұлттық телеарнасының хабарлауынша, Динараны 2005 жылы бельгиялық Алекс пен Кони бір жасында Астанадағы балалар үйінен асырап алған. Жаңа отбасы оның қазақы Динара есімін сақтап, оған Анджелина деген қосымша ат қойған.

Асырап алған анасы Кони Фон Вуурен қызды алғаш көрген сәттен-ақ бауыр басып қалғанын еске алды.

"Нәрестені бірден ұнаттым. Үйге қайтқаннан кейін оның суретіне қайта-қайта қарай бердім. Құжаттарды рәсімдеуге екі ай уақыт кетті. Бұл өміріміздегі ең бақытты кезеңдердің бірі болды", – деді ол.

Динара 11 жасқа толғанда асырап алған ата-анасынан өзінің биологиялық отбасын табуға көмектесуді сұраған. Осыдан кейін ол Қазақстанға үш рет келіп, туған анасымен кездескен және қазақ мәдениетімен жақынырақ танысқан.

Қыздың айтуынша, бұрын достары оның туған ата-анасы туралы сұрағанда жауап беруге қиналатын.

"Қазір еш күмәнданбай жауап бере аламын. Мен кім екенімді, шыққан тегімді және тағдырымның қалай өрбігенін білемін", – деді Динара Сессель.

Оның биологиялық анасы үш жыл бұрын өмірден өткен. Алайда анасының туыстары Динарамен байланысын үзбей, жүздесу үшін Бельгияға арнайы барған.

Динараның нағашысы Гүлзада Оразаеваның сөзінше, туыстары қызбен 2009 жылы байланыс орнатқан.

"Содан бері араласып келеміз. Бұрын бірге бола алмаған уақыттың орнын толтыруға тырысып жүрміз", – деді ол.

Қазір Динара қазақ тілін үйреніп жүр. Ол туған-туыстарымен қарым-қатынасын жалғастырып, енді бір-бірінен ажырамайтындарын айтқан.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары