Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері де өзгеріп жатыр. Ендігі міндет – қылмыс жасалғаннан кейін әрекет ету ғана емес, құқық бұзушылықтың алдын алып, оған себеп болатын факторларды ертерек анықтау. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, осы бағытта Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылған. Орталық тәулік бойы елдегі қылмыстық ахуалды саралап, ықтимал қауіптер мен осал аумақтарды анықтайды. Сондай-ақ тәуекелдерді болжап, олардың алдын алуға арналған нақты шараларды әзірлейді.
Бұдан бөлек, мамандар шетелдік контентке мониторинг жүргізіп, қылмыстық қауіптердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтайды.
Бас прокурордың мәліметінше, орталықтың талдауы өңірлердегі нақты шешімдер қабылдауға негіз болып отыр. Ішкі істер министрлігі және әкімдіктермен бірлескен жұмыс нәтижесінде жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологиялардың көмегімен азаматтарға қатысты қылмыс жасау қаупі жоғары 360-тан астам орын анықталған.
Осы аумақтарда патрульдік қызмет күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеген. Атап айтқанда, адам өлтіру, қарақшылық, тонау, бопсалау, ұрлық және көшедегі қылмыстар саны азайған.
Есірткі қылмысына қарсы күрес те жалғасып жатыр. «Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды бұғаттаған. Олардың арасында 6 мыңнан астам есірткі дүкенінің интернеттегі ресурстары бар.
Сонымен қатар прокуратура мен полицияның бірлескен жұмысы нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталған. Есірткі саудасынан түскен 2,6 млрд теңгеден астам кіріске тыйым салынған.
Бас прокурор соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу қарқыны тоқтап, мұндай қылмыстар саны 9%-ға азайғанын атап өтті.
Құқық қорғау органдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, 1 миллионнан астам күдікті қоңыраудың жолын кескен. Сонымен қатар шетелде жұмыс істеген 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленіп, тоқтатылған.
Астанада прокуратураның бастамасымен «Қазақтелеком» базасында құрылған Антиколл-орталықтың жұмысы да нәтиже берген. Мамандар 76 жастағы әйелге алаяқтар қоңырау шалып, оны 21 млн теңгесін беруге көндіріп жатқанын анықтаған. Нәтижесінде алаяқтардың әрекеті тоқтатылып, әйелдің ақшасын сақтап қалуға мүмкіндік жасалған.
«Біздің мақсатымыз – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және салдарының алдын алу. Бұл – Конституцияда бекітілген "Заң және тәртіп" қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру», – деп жазды Берік Асылов.