Malim.kz
Қоғам

"Бес қатын алады деп масқара қылатын": Сәкен Майғазиевтің марқұм анасының естелік әңгімесі тарады

• Мадияр Қапанбек
Сәкен Майғазиев пен анасы. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы сұхбаттарының бірінде ұлының балалық шағы, музыкаға деген қызығушылығы және отбасындағы қызық оқиғалар туралы естеліктерін бөліскен, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, Сәкен кішкентайынан музыкаға ерекше жақын болған. Үйдегі күйтабақтарды ерте жастан тыңдап, олардың атауларын да жақсы білген.

"Сәкен еркелеген де жоқ. Үйде әлі тұр, жәшіктегі күйтабақтары. Екі жасынан бастап сол орысша, ағылшынша күйтабақтарды қосып қоятын. Сөйтеді де орнында дәрет сындырып тұра береді. Сол кезде «Әй табақтардың атын білесің, неге бұтыңа сигеніңді білмейсің» деп талай ұрдым", – дейді Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы.

Әншінің музыкаға қызығуына әкесінің де ықпалы болған. Сәкен Майғазиев әкесінің іссапардан келген сайын музыкалық аспаптар, кассеталар мен күйтабақтар әкеліп отырғанын еске алған.

"Әкем марқұм үлкен қызметте болды, есепші, кассир болған. Сол кездері аудан, облыстарға іс-сапарға шыққанда, маған міндетті түрде музыкалық аспаптар, кассета, күйтабақ алып алып келетін", – дейді балалық шағын еске алған Сәкен Майғазиев.

Өнер иесі анасына әзілдеп өзін аз емізгендіктен бойым кішкентай болып қалды деп айтып жүреді екен. Ұлтай Мырзамбекқызы мұның да өз тарихы бар екенін түсіндірген.

"45 жыл ата-енеммен тұрдым. Екі келініміз ауру болды. Баласын бес-ақ ай емізіп, тастап кетеді екен. Соның балаларын маған әкеп тастайды. Үш баланы Сәкенмен бірге төртінші қып еміземін. Есі кірген соң айтады ғой "Осы қыздармен бірге емізем, мен кішкентай болып қалды" деп", – дейді Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы.

Сәкен Майғазиев өнер саласында білім алуға шешім қабылдағанда, бұл таңдауды отбасындағы үлкендердің бәрі бірдей бірден қабылдай қоймаған.

Әсіресе атасы немересінің әртістік мамандықты таңдағанына бастапқыда қарсы болған.

"Екі балам осы жерде болатын. Сәкенді де оқуға әкелдік. Бір күні оқуға түстім деді. Атамыз қандай оқуға түстің деп сұрады. Өзінің бала-шағасы оқыған болған соң, әртіс дегенді менсінбейді екен ғой. Ол кісі бәрі "папа" дейтін. Әртістің оқуына түскенін естігенде боқтады. Ол уақытта әртістер қыдырып жүріп концерт беруші еді ғой. Сөйтіп "Қай оқуға түскеніңді ауылға айтпа. Бопты, енді оқи бер" деді. Кейіннен сол атама жылаймын "Бәрі біледі. Атағыңды шығарған осы ғой. Басқа қай балаң шығарды" деймін", – дейді анасы.

Балалық шағында ауылдастары Сәкен Майғазиевті сырт келбетіне байланысты әзілдеп, түрлі лақап ат қойған екен.

Анасының айтуынша, әншінің басында бірнеше орай болғандықтан, ауыл адамдары оны өскенде бірнеше әйел алады деп қалжыңдаған.

"Орайы көп болатын. Бұл бес қатын алады деп масқара қылатын. "Жүрегімнің ішіндегі жүрегім" деп әйеліне айтқан өлеңді қызғанбайсыз ба деп менен сұрайды кейбіреулер. Бұл қандай сұрақ? Әй, нағыз жүрегінің ішіндегі жүрегі әйелі емес пе? Бала туып беріп отыр. Соның арқасы шығар Сәкеннің осындай болып жүргені", – дейді анасы.

Сәкен Майғазиевтің анасы дүниеден озды

Танымал әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы өмірден өтті. Қаралы хабар әлеуметтік желіде жарияланды.

"Сәкен Майғазиев ағамыздың анасы дүниеден озды. Алла жанын жәннатта етсін", – делінген жазбада.

Ұлтай Мырзамбекқызымен қоштасу қашан өтеді?

Жарияланған естіртуге сәйкес, марқұмның жаназа намазы 14 қазан күні сағат 15:00-де өтеді.

Қоштасу рәсімі Түркістан облысының Созақ ауылындағы өз шаңырағында ұйымдастырылады.

Қаралы хабардан кейін Сәкен Майғазиевтің өнердегі әріптестері, достары мен тыңдармандары әншінің отбасына көңіл айтып жатыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары