Үкімет отырысында өткен кезеңнің қорытындылары мен энергия нысандарының техникалық жай-күйі туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов вице-министрге нашар жағдайдағы жылу орталықтарының жөндеуіне қатысты сұрақ қойды.
«Бүгінгі рейтинг бойынша бес жылу орталығы «қызыл аймақта» тұр. Осы нысандар бойынша не істеп жатырсыздар?», - деді Бектенов.
Есімхановтың айтуынша, қазіргі таңда бес жылу орталығы «қызыл аймақта» қалып отыр.
«Әр нысан бойынша әкімдіктермен бірлесіп нақты жоспарлар бекітілді. Біздің қадағалау комитеті апта сайын жөндеу жұмыстарының барысын, кестеге сәйкестігін тексеріп отырады. Сонымен қатар қаржыландыру мәселесі де шешілді,осы бес нысан бойынша қаржыландыру 40%-ға артты», - деді жауап берген ол.
Вице-министр атағандай, жоспар бойынша бұл жылу орталықтарын осы жылдың соңына дейін «қызыл аймақтан» шығару көзделген.
«Қазір олардың барлығы қатаң бақылауда тұр. Қазір рейтинг төрт көрсеткіш бойынша қалыптасады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді тоғызға дейін ұлғайып, жаңа рейтинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бірақ биылғы негізгі мақсат - нысандарды тұрақты деңгейге шығару», - деді вице-министр.