Malim.kz
Шоу-бизнес

"Бір-біріңізді әлі таңғалдыра аласыздар ма": Жазира Байырбекова бұл сұрақты неге қойды?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Жазира Байырбекова отбасылық өмірдегі сыйластық пен түсіністік туралы жазба жариялады. Өнер иесі оқырмандарынан шаңырақты берік ұстайтын қасиеттер туралы сұрап, көргені мен түйгенін ортаға салуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші ұзақ жыл бірге ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына назар аударған. Бір-бірінің мінезін әбден біліп, күнделікті тіршілікті қатар өткеріп жүрген жандар уақыт өте келе де бірін-бірі таңғалдыра ала ма деген сауал қойған.

"Бір шаңырақ астында қанша жыл өмір сүрсеңіздер де, бір-біріңізді әлі күнге дейін таңғалдыра аласыздар ма? Сіздердіңше, отбасының беріктігі неде? Сыйластықта ма, түсіністікте ме, әлде кешіре білуде ме?" – деп жазды әнші.

Жазира Байырбекова осы сұрақтар арқылы оқырмандарын өз отбасындағы қарым-қатынасқа ой жүгіртуге шақырды. Жазбада ерлі-зайыптылар үшін өзара құрметтің, бірін-бірі түсінудің және кешіре білудің орны сөз болған.

Өнер иесі көпті көрген адамдардың өмірлік тәжірибесін де тыңдағысы келетінін жеткізді. Оның айтуынша, үлкендердің ақыл-кеңесі мен бастан өткергенінен шығарған сабағы өзге шаңырақтарға да пайдасын тигізуі мүмкін.

"Өмірлік тәжірибелеріңізбен бөлісіңіздерші. Кейде үлкендердің бір ауыз сөзі тұтас бір отбасыға сабақ болуы мүмкін", – деді өнер иесі.

Жазира Байырбекова кім?

Жазира Байырбекова – қазақ эстрадасының әншісі, көпшілікке танымал "Жанболат пен Жазира" дуэтінің мүшесі. Ол 1978 жылғы 30 қыркүйекте сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген ауданына қарасты Пақташы елді мекенінде дүниеге келген.

Өнерге жас кезінен араласқан әнші көрерменге алғаш "Сәулем-ай" халық әнін орындауымен таныла бастаған. Кейін репертуары жаңа туындылармен толығып, эстрададағы шығармашылық жолын жалғастырды.

2002 жылдан бастап жұбайы Жанболат Ербатыровпен дуэт болып өнер көрсеткен. Оның алғашқы репертуарында ағасы, композитор Ербол Байырбековтің "Сүйгеніңді бағала", "Арманым" секілді әндері болған. Жазира 2010 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бітірген.

Жанболат пен Жазира сахнада да, отбасылық өмірде де қатар келе жатқан өнерлі жұп ретінде белгілі. Екеуінің бір ұлы, бір қызы бар. Әнші 2019 жылы ұлынан кейін араға 22 жыл салып, Дара есімді қызын дүниеге әкелген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары