Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау иесіз жануарлар мәселесін талқылау барысында бюджет саясатына қатысты маңызды пікір білдірді, , деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, бұл мәселе тек жануарлар санын реттеумен шектелмейді:
«Бұл – мемлекетіміздің бюджеттік басымдықтары мен құндылықтар жүйесін қайта қарауды талап ететін стратегиялық мәселе».
Депутат қазақ халқының жануарларға деген көзқарасын атап өтті:
«Қазақта «ит – жеті қазынаның бірі» деген ұғым бар. Біз жануарларға жанашыр халықпыз», - деді ол.
Сонымен қатар, Қазақстанда халықаралық тәжірибеге негізделген ОСВВ әдісі (аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, қайта босату) қолданылып жатқанын айтты:
«Бұл – жануарларға қатыгездікке жол бермейтін прогрессивті әдіс».
Алайда Нұргүл Тау қаржылық шығындарға ерекше назар аударды. Оның дерегінше:
- Бір итке орташа шығын – 74 000 теңге
- Бір мысыққа – 57 000 теңге
«Бір итті стерилизациялау – 24 010 теңге, кастрация – 17 244 теңге, вакцинация – 7 713 теңге. Нәтижесінде, бір жануарға кететін шығын айтарлықтай жоғары», - дейді мәжілісмен.
Бұл көрсеткіштерді әлеуметтік төлемдермен салыстырған депутат айырмашылықты атап өтті:
«Біз бір жануарға 57-74 мың теңге жұмсап отырмыз, ал бір балаға ай сайын шамамен 17 мың теңге ғана төленеді».
Оның айтуынша, мектептердегі тамақтану мәселесі де өзекті:
«Бір баланы тамақтандыру күніне 460-470 теңгеден аспайды. Бұл – адами капитал сапасына әсер етеді», - дейді мәжілісмен.
Депутат мәселені «жануар немесе адам» деп қарауға болмайтынын айтты:
«Бастысы – дұрыс теңгерім. Біз әрі гуманистік, әрі әлеуметтік әділетті саясат жүргізуіміз керек», - дейді ол.
Сөз соңында Нұргүл Тау үкіметке ұсыныс жасады:
«Иесіз жануарларға бөлінетін шығындарды қысқартып, балаларға бағытталған қолдауды арттыру қажет», - дейді депутат.