Колумбияның Пайпа қаласында болған әуе апаты салдарынан алты адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында танымал колумбиялық әнші Йеисон Хименес те бар. Бұл туралы елдің Азаматтық авиация басқармасы X әлеуметтік желісінде хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға 10 қаңтар күні жергілікті уақытпен шамамен 16:00-де болған. Ведомствоның мәліметінше, N325FA тіркеу нөмірі бар ұшақ Хуан Хосе Рондон аэродромының маңында апатқа ұшыраған.
Қаза тапқандар тізімінде ұшақты басқарған ұшқыш – капитан Фернандо Торрес Рохас та бар.
El Tiempo газетінің жазуынша, ұшақ Пайпа әуежайынан әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған. Қала мэрі Герман Рикардо Камачо басылымға берген сұхбатында оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жұмылдырылғанын айтты.
Басылым дерегіне сәйкес, Йеисон Хименес апаттан бір күн бұрын Малага қаласында концерт беріп, кейін Пайпаға демалуға барған. Ол жеке ұшақты жалдап, Медельин әуежайына жетуді жоспарлаған, одан әрі келесі концерті өтетін Маринилья қаласына ұшпақ болған.
Йеисон Хименес 1991 жылғы 26 шілдеде Кальдас департаментіне қарасты Мансанарес қаласында дүниеге келген. Ол колумбиялық танымал музыка жанрында өнер көрсеткен әнші әрі ән авторы ретінде кеңінен танылды. Әсіресе Aventurero және Tenías Razón атты әндері арқылы үлкен танымалдыққа ие болған.