Malim.kz
Шоу-бизнес

"Бір пәтердің ақшасын бердім": Серік Ибрагимов Рамазан Амантайға 32 миллион теңге төлеген

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Әнші әрі "Заманback" фильмінің продюсері Серік Ибрагимов актер Рамазан Амантайға киноға түскені үшін 32 миллион теңге бергенін айтты. Бастапқыда оған көлік сыйлауды жоспарлаған продюсер кейін пәтердің құнына тең қаражат төлеген, деп хабарлайды Malim.kz.

Серік Ибрагимовтің сөзінше, фильмге қатысқан өзге актерлердің қаламақысы әлдеқайда аз болған. Түсірілімге келіскен өнер иелері жобаның қаржылық жағдайын алдын ала білген.

"Рамазан Амантайға 32 млн теңге бердім. Қалғандары тегін түсті десе де болады. Басында бәрі жағдайды білді", – деді продюсер.

Ол Рамазан Амантайға қосымша сый жасауды да ойластырғанын жеткізді. Алайда бастапқы жоспары кейін өзгерген.

"Рамазанға бәрі жақсы болса, көлік мінгізу ойымда болған. Ол көлік кейін пәтерге ауысты. Бір пәтердің ақшасын бердім", – деді Серік Ибрагимов.

"Жиырма үй алатындай ақшам болған шығар"

Бұған дейін Рамазан Амантай табысын дұрыс жұмсай алмағанын айтып, әлі күнге дейін баспаналы болмағанын жеткізген еді. Ол журналист Айнұр Асанбердінің "Әңгіме бар" подкастында қаржыға қатысты қателіктерін ашық мойындаған.

Актердің айтуынша, осы уақытқа дейін тапқан қаражатына бірнеше үй сатып алуға мүмкіндігі болған. Алайда ақшасын жинаудың орнына ретсіз жұмсаған.

"Жиырма үй алатындай ақшам болған шығар осы күнге дейін. Бірақ ақылым болмапты. Әйелім айтпайды емес, айтады. Мен бой бермеймін. Ақшаны әйелім жинайтын шығар деп ойлайтын шығар, бірақ ақша өзімде болады. Ешқандай жағдайда оған бермеймін. Өзімде ғана болады. Мен далаға шашамын. Көп ақымақтығыма куә бауырларым бар. Соның барлығын есіме түсіріп, жылап жібердім", – деді Рамазан Амантай.

Өнер иесінің бұл сөзі жалпы осы күнге дейінгі табысына қатысты айтылған. Ол Серік Ибрагимов берген 32 миллион теңгені қалай жұмсағанын аталған сұхбат үзіндісінде нақтыламаған.

Жұбайынан не үшін кешірім сұраған?

Сұхбат барысында актер отбасындағы қарым-қатынасы туралы да әңгімелеген. Оның айтуынша, бір шығармашылық кешінде бұрынғы ғашықтарын еске алып, әндерінің кімдерге арналғанын айтып берген. Залда жұбайы да отырған.

Рамазан Амантай кейін бұл әңгімелерді тыңдау жарына оңай болмағанын түсініп, көпшілік алдында кешірім сұрағанын жеткізді.

"Ол кеште мен бұрынғы махаббаттарым туралы айтып тұрмын ғой, түріме қарамай. Әндерімнің тарихын айтып тұрмын. Бірінші жүрген қыз, екінші жүрген қыз деп. Соңында осы әңгімені тыңдап отырған әйеліме оңай емес. Бірақ мың жылда бір туатын ақындардың әйелі де мың жылда бір туады. Сол үшін анау-мынау адам өнер адамына жар болмайды. Сол үшін де рақмет деп кешірім сұрадым", – деді ол.

Актер Қазыбек Құрайыш орындайтын "Сүйемін" әнін жұбайына арнап жазғанын да айтқан. Оның сөзінше, жарына қарап отырып ән жазған сәтте екеуі де көзіне жас алған.

Рамазан Амантай кім?

Рамазан Болатұлы Амантай – қазақстандық актер, ақын, композитор, әнші және кинопродюсер. Көрерменге "Айналайын" телехикаясы мен "Қазақша бизнес" фильмдеріндегі рөлдері арқылы танылған. "Қазақша бизнес" жобасының бірнеше бөлімінде Еркоштың бейнесін сомдаған.

Ол "Заманback" фильмінде басты кейіпкер Азаттың рөлін ойнады. Актерлікпен қатар ән жазумен және кино өндірісімен айналысады. Өз сұхбаттарында "Меломан" тобы мен Төреғали Төреәлі орындайтын бірқатар әннің авторы екенін айтқан. Сондай-ақ "Әкеге апарар жол" фильміне продюсер болған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары