АҚШ-тың Гейнсвилл қаласында бір ана UF Health Shands ауруханасына қарсы сотқа шағым түсірді. Себебі дәрігердің жіберген өте қарапайым, бірақ қауіпті қателігі оның екі жасар ұлының өмірін қиған, деп хабарлайды Malim.kz.
Доминик Пейдж 2024 жылдың 1 наурызында ұлын – екі жасар Де’Маркусты ауруханаға жеткізген. Бала тоқтамай жылап, тамақ ішуден қалған, диареядан әлсіреген. Тексеру барысында оның ағзасындағы калий деңгейі өте төмен екені анықталып, (2,8) дереу калийді толықтыру терапиясы тағайындалған.
Дәл осы жерде қайғылы қателік орын алған. Дәрігер Цзяби Чен калий фосфатын 15 ммоль/литр дозада тағайындап жіберген. Алайда бұл мөлшер он есе артық болып шықты – нұсқауда үтір дұрыс қойылмаған. Балаға қажет доза небәрі 1,5 ммоль/литр болған. Фармацевт те, медицина қызметкерлері де қатені байқамай, бала осы қауіпті дозаны екі рет алған.
Екінші қабылдаудан кейін Де’Маркустың қанындағы калий деңгейі өлімге әкелетін 7,8 көрсеткішіне дейін көтерілген. Оның жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер баланы қайта тірілткенімен, ұзақ уақыт оттегі жетіспеушілігі ми мен басқа мүшелердің қайтымсыз зақымдануына әкелген.
Екі апта бойы кішкентай Де’Маркус өмірді қолдаушы аппаратқа тәуелді болды. Бірақ жағдайы оңалмай, 2024 жылдың 18 наурызында ата-анасы ауыр шешім қабылдап, аппараттан ажыратуға мәжбүр болған.
"Мен әлі күнге дейін сол оқиғаны түсімде көріп, не болғанын қабылдай алмай оянамын", – дейді Доминик Пейдж.