Malim.kz
Қоғам

"Бірден тұрмысқа шықты деп ойлады": Меруерт Өтекешова ел естімеген жайтты ашып айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков

Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков арасындағы романтикалық кездесулер көбіне таңертеңгі құймақханада өткен. Бұл туралы халық әртісі Меруерт Өтекешова Azan Radiosy-на берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Актрисаның сөзінше, ол "Қыз Жібек" фильмін түсіру кезінде бір жылдай жұмыста жүрген, ал Құман Тастанбеков театрда қызмет еткен. Сондықтан олардың қарым-қатынасы бірден басталып кетпеген.

"Бәрі кинодан кейін бірден тұрысқа шықты деп ойлайды. Бірақ олай болған жоқ. Ол кезде менің ондай ойым да болмады", – деді актриса.

Өтекешова қос жастың махаббат хикаясындағы ерекше сәттерін де еске алды. Олардың кездесулері көбіне таң сәріден басталып, құймақханада жалғасқан.

"Алматыдағы Алатау кинотеатры маңында, Абылайхан мен Жібек жолы көшелерінің бойында құймақ пісіретін кафе болатын. Біз таң ата кездесетінбіз, құймақ жейтінбіз. Сосын ол театрға, мен оқу орныма кететінмін. Ол кезде шынайы романтика бар еді", – деп еске алды актриса.

Өнер иесінің айтуынша, мұндай қарапайым, бірақ жылы кездесулер қазіргі жастарда сирек кездеседі.

Бұған дейін "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова қоғамда қызу талқыланып жатқан қамзол мәселесіне қатысты өз ойын айтқан еді.

"Қыз Жібек" – қазақ кино өнерінің алтын қазынасы

"Қыз Жібек" – 1970 жылы Қазақфильм студиясы түсірген екі бөлімнен тұратын көркем фильм. Туындының режиссері Сұлтанахмет Қожықов, ал сценарий авторы – Ғабит Мүсірепов. Фильм қазақ тілінде түсіріліп, эпостық-драмалық жанрға жатады.

Басты рөлдерді Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов сомдаған. Фильмнің музыкалық сүйемелдеуін белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев жазған.

Туындының желісі қазақтың әйгілі лиро-эпостық жыры негізінде өрбиді. Бірінші бөлімде Базарбайдың ұлы Төлеген өзіне жар іздеп, талай арудың ішінен Сырлыбай ханның қызы Жібекті таңдайды. Алайда қызғаныш пен опасыздықтың салдарынан Бекежан Төлегенді өлтіреді. Бұл қайғылы оқиға Жібектің тағдырына ауыр соққы болып тиеді.

Екінші бөлімде Төлегеннің інісі Сансызбай ағасының ізін жалғап, жаумен шайқасып, ел намысын қорғайды және Жағалбайлы жұртын азат етеді.

Фильмде қазақ халқының салт-дәстүрі, махаббат пен адалдық, ерлік пен руханият тақырыптары кеңінен көрініс табады. "Қыз Жібек" ұлттық кино өнерінің классикалық туындысы ретінде қазақ мәдениетінің алтын қорына енген.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары