Malim.kz
Саясат

Бюджет жоспары - сенатта. Павлодар өзін өзі қамтып, Маңғыстау қайта донор болады деген жоспар бар

Ереке Базарқұл
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілісте ©primeminister.kz

Бүгінгі сенат отырысында алдағы үш жылға бюджет жоспары қаралуда. Бір айдай уақыт бұрын мәжілісте мақұлданған бюджет жоспары бойынша қазір талқыланып жатыр деп хабарлайды malim.kz тілшісі.

Есіңіздге сала кетсек, 23 қазан күні мәжіліс депутаттарына «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы кірістер биылғы болжаммен салыстырғанда 4,7 триллион теңгеге артып, 19,2 триллион теңгені құрайтынын айтқан болатын. Сонымен бірге, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелдігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейтіні айтылған. Ал 2028 жылға қарай Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етіп, Маңғыстау облысы қайтадан донорға айналатыны паш етілген.

Бүгін премьер-министрдің орынбасары осы тұжырымдарын қайталады.

«Біздің бағалауымыз бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді»,

— деп, мәжілісте айтқанын қайталады Серік Жұманғарин.

Ол сондай-ақ, донор және реципиент аймақтардың мәртебесіндегі өзгерістерді сенатта да қайталап өтті. Жоспар бойынша, 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор мәртебесін алады.

Сонымен бірге, 2026 жылға арналған субвенциялар 5,2 трлн теңге, бюджет қаражатын алып қою 879,9 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары