Malim.kz
Қоғам

Биыл әскери қызметшілердің жалақысы тағы өседі

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында жалақыны арттырудың екінші кезеңі іске асады. Яғни, офицерлер үшін тағы 23 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрам үшін бірінші кезең деңгейінен 10 пайызға өсіру көзделген, деп хабарлайды Malim.kz.

Сарбаздар мен олардың отбасыларына түсетін қаржылық жүктеме де азайтылды. 20 мыңнан астам мерзімді әскери қызметші жалпы сомасы шамамен 8 млрд теңгені құрайтын «несиелік демалысты» пайдаланды.

Сонымен қатар қызмет барысында сарбаздар еңбек нарығында сұранысқа ие ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, экскаваторшы, байланыс маманы, дизелист-электрик, парамедик және басқа да кәсіптер бойынша жұмысшы мамандықтарын тегін меңгере алады. Оқу аяқталған соң оларға сертификаттар беріледі.

Әлеуметтік саясаттың жаңа бағыты – әскери қызметшілерді қызметтен кейінгі өмірге даярлау. Қорғаныс министрлігі зейнетке шығар алдында әскери қызметшілерді бейімдеу бағдарламасын іске қосты.

Енді олар әскери жоғары оқу орындарының базасында мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беру үшін, сондай-ақ әскери кафедраларда жұмысқа орналасу мақсатында тегін қайта даярлаудан өте алады. Бұл шешім офицерлердің кәсіби әлеуетін сақтауға және азаматтық қызметке біртіндеп көшуіне мүмкіндік береді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары