Шығыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін халықтың кемінде 99 пайызын интернетпен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды.
Жиында өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылдың алғашқы жарты жылдығына арналған негізгі міндеттер талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратовтың айтуынша, өнеркәсіптік өндірісті қоспағанда, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң өсім байқалады.
Өткен жылы облыста 28,7 мың жаңа жұмыс орны ашылып, экономикаға 838,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар, мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайыз деңгейінде сақталған. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар көрсеткіштер төмендеген: туберкулез – 7,1%-ға, қан айналымы жүйесі аурулары – 3,8%-ға, қант диабеті – 9,6%-ға азайған.
2026 жылға арналған негізгі міндеттердің қатарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, инфрақұрылымдық жобаларды сапалы аяқтау, су тасқынының алдын алу және шалғай елді мекендерді қоса алғанда интернетке қолжетімділікті арттыру бар.
Сондай-ақ, облыста Цифрлық трансформация картасын іске асыру, 2026–2030 жылдарға арналған «ақылды қалалар» тұжырымдамасын жүзеге асыру көзделіп отыр.
Жиын соңында облыс әкімі бірқатар тапсырма жүктеп, жоспарлардың орындалуы туралы тоқсан сайын есеп беруді тапсырды. Бұдан бөлек, 2025 жылы 2,9 млрд теңге бюджет қаражаты игерілмегені айтылып, жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатыны ескертілді.