Malim.kz
Әдебиет

Биылғы болжам: Нобель сыйлығынан басты үміткер кім?

Айгүл Таңатар
https://www.rfi.fr

Жыл сайын қазан айының басында әдебиет әлемі бір сұраққа жауап іздейді: Нобель сыйлығы кімге бұйырады? Швеция академиясы дәстүр бойынша үміткерлердің ресми тізімін жарияламайды, ал ұсынылған кандидаттардың есімі 50 жыл бойы құпия сақталады. Сондықтан әдеби сыншылар, баспагерлер мен букмекерлік компаниялар жыл бойы өз болжамдарын жасап келеді.
Марапат 2024 жылы оңтүстіккореялық жазушы Хан Канға, ал 2025 жылы венгр қаламгері Ласло Краснахоркайға 
 (суретте) берілді. Енді әдеби қауымның назары 2026 жылғы лауреатқа ауып отыр. 


Харуки Мураками – мәңгілік фаворит

Харуки Мураками есімі соңғы он жылдан астам уақыт бойы Нобельге басты үміткерлер қатарынан түскен емес. Kafka on the Shore, 1Q84, Norwegian Wood сияқты романдары әлемнің ондаған тіліне аударылды. Алайда Швеция академиясы жыл сайын фаворит аталған авторды таңдай бермейді. Соның салдарынан Мураками «мәңгілік фаворит» деген бейресми атаққа ие болды.


Томас Пинчон – жұмбақ жазушы
Томас Пинчон – қазіргі америкалық әдебиеттің ең ықпалды өкілдерінің бірі. Ол ондаған жыл бойы жұрт алдына шықпайды, сұхбат бермейді, фотосуретке түспейді. Әдебиетшілер оның күрделі романдарын ХХ ғасыр әдебиетінің бағытын өзгерткен туындылардың қатарына жатқызады. Сондықтан Пинчонның есімі де Нобельге үнемі аталып келеді.

Мирча Кэртэреску – Еуропаның интеллектуалдық прозасы
Мирча Кэртэреску - соңғы жылдары Еуропада ең көп талқыланатын қаламгерлердің бірі. Оның шығармалары жады, тарих және адамның ішкі әлемі туралы философиялық ізденістерімен ерекше. Айтулы жзушы Кэртэреску де Нобель алуға әбден лайық авторлар санатында жиі аталады.


Салман Рушди – әдебиет қана емес, еркіндік символы
Салман Рушди соңғы жылдары тек әдеби еңбегімен емес, сөз бостандығының символына айналған тұлға ретінде де жиі айтылады.
2022 жылғы қастандықтан кейін оның шығармашылығына әлемдік қызығушылық қайта артты. Кейбір әдебиеттанушылар мұны Нобель комитеті назарға алуы мүмкін факторлардың бірі деп есептейді. Дегенмен комитет марапатты әдеби сапаға қарап береді және саяси факторларды ресми өлшем ретінде қарастырмайтынын бірнеше рет мәлімдеген.


Тағы кімдер бар десек...
Әлемдік әдеби басылымдар мен сарапшылардың болжамдарында мына авторлардың есімдері де жиі кездеседі:
Энрике Вила-Матас, Янь Лянькэ, Юй Хуа, Жанетт Уинтерсон, Серхий Жадан.

Нобельді болжау неге қиын?
Әдебиет бойынша Нобель - болжауға ең қиын марапаттардың бірі. Швеция академиясы көбіне көпшілік күтпеген шешім қабылдайды. Бұған дейін де фаворит саналмаған көптеген жазушы жеңімпаз атанған. Сондықтан букмекерлік рейтингтер мен әдеби сарапшылардың тізімі тек болжам ғана болып қала береді.


Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?
Нобель сыйлығы бір ғана жазушыны марапаттаумен шектелмейді. Ол әлем әдебиетінде қай тақырыптардың алдыңғы қатарға шыққанын да көрсетеді. Соңғы жылдары тарихи жады, соғыс, отарсыздану, адам құқығы, жеке тұлғаның еркіндігі мен мәдени сәйкестік мәселелерін көтерген авторларға ерекше назар аударылып келеді. Бұл - үрдіс қазақ әдебиеті үшін де маңызды белгі: жаһандық оқырманды қызықтыратын ұлттық әрі әмбебап тақырыптарға сұраныс артып келеді.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары