Актер Рүстем Жаныаманов пен жұбайы Жанаргүл Жаныаманова журналист Жанар Байсемізге сұхбат беріп, тұңғыштарынан айырылғаннан кейінгі күндер туралы әңгімеледі. Рүстем баласымен қоштасқан сәтін еске алып, сол күні ұлының құлағына не айтқанын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Актердің айтуынша, ұлының жансыз денесін алғаш көргенде қасына барып, құлағына иман сөздерін сыбырлаған. Содан кейін баласына "Біз кездесеміз, балам" деп қоштасқанын айтты.
Рүстем ұлының қазасы әлі де жанына бататынын жасырмады. Баласының зиратына жиі барып тұратынын да айтты. Жұбайы Жанаргүл екеуі осы ауыр кезеңде бір-біріне сүйеніп, күнделікті тіршілікке біртіндеп оралуға тырысып жүр.
Айта кетейік, Malim.kz бұған дейін ерлі-зайыптының ұлының сырқаты туралы сұхбатын жариялаған еді. Биыл маусымда портал актерлердің тұңғышынан айырылғанын, ал шілдеде Жанаргүлдің марқұм ұлына арнаған жазбасы туралы хабарлады.
Рүстем Жаныаманов кім?
Рүстем Жаныаманов – театр және кино актері, режиссер әрі продюсер. Ол 1988 жылы 12 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. 2007 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжін, 2012 жылы сол академияның режиссура факультетін бітірген. Режиссер Болат Атабаевтан тәлім алған. 2017 жылы Мемлекеттік қуыршақ театрында екі спектакль қойған.
Рүстем көпшілікке "Хабар" арнасындағы "Келінжан" телехикаясында Қылышбекті сомдауымен танылды. Осы рөлі үшін 2023 жылы "Nauryz" ұлттық телесериалдар бәйгесінің "Екінші пландағы үздік актер" аталымына ұсынылды. "Сержан братан" веб-сериалында басты кейіпкердің жас кезін ойнады. Сондай-ақ "Копы 667", "Ағашки по вызову", "Жаным, ты не поверишь!" және "Операция "Алтын адам" туындыларына түскен. 2024 жылы "Сен маған керексің" фильмінің продюсері болып, басты рөлдердің бірін сомдады.
Жанаргүл Жаныаманова кім?
Жанаргүл Жаныаманова – театр және кино актрисасы. Ол 1989 жылы 29 наурызда Шығыс Қазақстан облысындағы Новоречка ауылында дүниеге келген. Өнер академиясында актерлік мамандықта оқыған. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында еңбек етіп, "С любимыми не расставайтесь" спектаклінде Шумилованы сомдаған. Кинода "Коктейль для звезды" және "Сен маған керексің" фильмдеріне түскен.
Рүстем мен Жанаргүл қалай танысқан?
Жанаргүлдің айтуынша, екеуі 2009 жылы өнер академиясында танысқан. Ол кезде Рүстем театр режиссурасымен айналысқан, ал Жанаргүл актерлікке оқып жүрген. Жанаргүл "Ұйқым келмейді" бағдарламасында олардың таныстығы емтиханда рөл ойнаған кезінен басталғанын айтқан. Кейін ерлі-зайыпты "Сен маған керексің" және "Көзіме шөп салма" фильмдерінде бірге ойнады. Рүстем екі жобаның да продюсері болды.