Malim.kz
Қоғам

"Бізге мұндай адамдар қажет емес": Тоқаев жерден пайда тауып, шетелде тұратын кәсіпкерлерді сынға алды

• Мадияр Қапанбек
Фото: pixabay

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығынан табыс тапқанымен, ауыл тұрғындарының жағдайына көңіл бөлмейтін кәсіпкерлерге қатысты заңнамалық шаралар қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент бұл мәселені 20 қарашада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет туған жерін дамытуға атсалысып, ауыл тұрғындарының игілігі үшін еңбек ететін адал шаруалар мен фермерлерге әрдайым қолдау көрсетеді. Алайда елімізде ауыл шаруашылығынан қомақты пайда тауып отырғанымен, өзі үлкен қалаларда немесе шетелде тұратын кәсіпкерлер де бар.

"Алайда жерден пайда тауып жүргенімен, үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар. Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді", – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұндай кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығын тек табыс көзі ретінде қарастыратынын сынға алды. Оның пікірінше, жерді пайдаланып, кәсіп жүргізетін азаматтар сол өңірдің дамуына да үлес қосуы қажет.

"Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің басты міндеті тек табыс табумен шектелмеуі керектігін жеткізді. Оның сөзінше, аграрлық бизнестің өкілдері ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуға, жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге де назар аударуға тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аграрлық сектордың Қазақстан экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды.

"Аграрлық сектор – мемлекетіміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе, тұрақсыз заманда оның өзектілігі арта түсті", – деп атап өтті Президент.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары