Malim.kz
Білім-ғылым

Бизнес пен ауыл серіктестігі: ШҚО-да мектеп жеке инвестиция арқылы кеңейтілуде

Ереке Базарқұл
ФОТО: © Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы Бастаушы ауылында мектеп инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұнда білім ордасы үшін жаңа акт залы салынып, құрылыс жұмыстары қарқынды кезеңге өтті. Жоба толықтай жеке демеушінің қаражаты есебінен жүзеге асуда.

Қазіргі таңда нысанның негізгі конструкциялары - қабырғалары мен шатыры аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аумағы 272 шаршы метрді құрайтын акт залы 80 орынға арналған. Сонымен қатар, жоба аясында заманауи санитарлық торап қарастырылып, бұл мектептің мәдени және қоғамдық өміріне тың серпін бермек.

Құрылыстың барлық шығынын Самар ауданынан шыққан белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев өз мойнына алған. Бұл бастаманы аудан әкімі Серік Жеңісов жоғары бағалап, оның ауыл болашағы үшін маңызын атап өтті.

- Бұл - ауылдағы балалар мен жастардың дамуына бағытталған нақты қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерінің туған жерді қолдауы мен өңірлердің өркендеуіне атсалысуы аса маңызды екенін бірнеше мәрте айтқан. Бастаушы ауылындағы акт залы - билік, бизнес және жергілікті қоғамдастық арасындағы нәтижелі ынтымақтастықтың айқын көрінісі, –

деді аудан басшысы.

Жаңа акт залы іске қосылғаннан кейін мектепте түрлі мәдени іс-шаралар, шығармашылық кештер, кездесулер мен жобалар заманауи деңгейде өткізуге мүмкіндік туады.

Айта кетейік, Айдын Рахымбаевтың білім саласына қосып жүрген үлесі бұл жобамен ғана шектелмейді. Бұған дейін оның қолдауымен Күлынжон ауылында ашылған заманауи Ybyrai Mektebi  бүгінде табысты жұмыс істеп, озық халықаралық әдістемелер негізінде сапалы білім беріп келеді.
 

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары