Malim.kz
Қоғам

Блогер Сәуле Базархан жеке клиникада көз жұмды

Сабина Асқарқызы
instagram.com/saule_bazarkhan

Әлеуметтік желіде блогер Сәуле Базарханның жеке клиникада қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Malim.kz.

Аталған оқиғадан кейін Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Марқұмның қызы Threads әлеуметтік желісінде анасының қазасы туралы жазба жариялаған. Оның айтуынша, қайғылы жағдай 2026 жылғы 15 мамыр күні болған.

«2026 жылғы 15 мамырда анамыз Сәуле Ермаханова Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде көз жұмды. Жергілікті анестезиямен жасалуы тиіс жоспарлы липосакция отбасымыз үшін қайғылы жағдайға айналды. Бір сағат. Бір жарым сағат. Екі сағат. Үш сағат. Сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді. Тек үнсіздік болды. Анамыздың қайтыс болғанын туысымызға тек кешкі сағат 18:00 шамасында айтқан», - деп жазды ол.

Марқұмның қызы жедел жәрдемнің тек сағат 19:00-де келгенін мәлімдеді.

«Ол үш сағат бойы жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Біз ештеңе білмедік. Әлі күнге дейін көптеген сұрақ бар: неге дәрігерлер өлім туралы бірден хабарламады?» - деп жазылған жазбада.

Сондай-ақ қызы оқиғадан кейін де клиниканың клиент қабылдауын жалғастырып жатқанын айтып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«15 мамыр күні Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде 53 жастағы қала тұрғыны қайтыс болды. Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», -  деді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметіндегілер. 

Сонымен бірге, полиция өкілдері ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жария етуге жатпайтынын атады. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары