Malim.kz
Әлем

Bloomberg: Украинада қаржы маусымға дейін ғана жетеді

Арман Қайыпхан
Фото: Efrem Lukatsky/AP Photo/picture alliancе

Украинаға донор елдер тарапынан бөлінетін ондаған миллиард еуро көлеміндегі көмек қауіп астында тұр, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Ал Киевтің Ресей агрессиясына қарсы қорғанысқа жететін қаржысы небәрі екі айға ғана жетеді.

Украина жақын уақытта қорғанысқа қажет қаражатсыз қалу қаупіне тап болуы мүмкін. Украиналық және шетелдік шенеуніктердің айтуынша (аты-жөндері құпия сақталған), Киевтің соғыс қимылдарын тек маусым айына дейін жалғастыруға ғана қаражаты бар.

Осындай жағдайда одақтастардың көмегі аса маңызды. Алайда бірқатар қолайсыз факторларға байланысты ондаған миллиард еуро көлеміндегі қаржыландыруды бөлу мәселесі күрделене түскен.

Атап айтқанда, Венгрия Еуроодақтың Украинаға 90 млрд еуро несие беруін «Дружба» мұнай құбырын жөндеу талабымен уақытша тоқтатып отыр. Бұл құбыр арқылы Ресейден Венгрияға мұнай жеткізілген.

Сондай-ақ Халықаралық валюта қоры тарапынан көрсетілетін көмекке де кедергілер бар. Себебі Украина Жоғарғы радасы ХВҚ талап еткен заңнамалық түзетулерді әлі қабылдамаған.

Бұдан бөлек, НАТО-дағы кейбір одақтастар АҚШ қаруын сатып алуға арналған PURL бағдарламасы бойынша жаңа қаржыландыру бөлгісі келмейді. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне Украинаның альянстағы тұрақты өкілі Алена Гетьманчук мәлімдеген.

Киевтің бағалауынша, биыл Украина қарулы күштері үшін АҚШ-тан қару сатып алуға 15 млрд доллар қажет. Жалпы алғанда, 2026 жылы елге 52 млрд доллар көлемінде шетелдік көмек керек болады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары