Сахалиннен келген Екатерина әпкесімен бірге Паттайяда демалып жүрген. Бұл сапарға ол бес жыл бойы ақша жинаған екен. Сол жерде оның ақыл тісі қабынып кеткен соң, ол жұлып тастаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Shot Telegram арнасының мәліметінше, операциядан кейінгі күні таңертең оның жағдайы күрт нашарлап, дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілген. Қызды жедел түрде клиникаға жеткізіп, дәрігерлер қан улануы (сепсис) болуы мүмкін деген күдікпен емдей бастаған. Біраз уақыттан кейін ол комаға түсіп, өздігінен тыныс ала алмай қалған соң жасанды тыныс алу аппаратына (ИВЛ) қосылған.
Екатеринаның анасы қызының жағдайына күмән келтіріп, клиника қызметкерлері оны тыныштандыратын дәрілермен ұстап отыр деп болжам жасаған. Кейін Ресейден келген дәрігерлер қыздың жағдайын уақытша тұрақтандыруға қол жеткізген.
Жақындары мен бейжай қарамаған адамдардың көмегімен оны Ресейге жеткізуге қаражат жиналған. Алайда арнайы медициналық ұшақ табылмағандықтан, Екатеринаны жолаушылар ұшағымен, медикаментозды ұйқы жағдайында алып келген.
Өкінішке қарай, ол есін жимастан көз жұмды. Қайғылы жағдайдың нақты себебі сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.