Malim.kz
Қоғам

"Болат Назарбаев қызғанып өлтіріп қойды ма?" – Қалдыбек Құрманәлі Мәдина Ералиеваның қазасы туралы шындықты айтты (ВИДЕО)

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі марқұм әнші Мәдина Ералиева туралы жан тебірентер естелігін бөлісті. Ол бұл жөнінде "Сұрауы бар" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Белгілі композитордың сөзінше, Мәдина Ералиева оның шығармашылық жолында айрықша орын алған, өнер тағдырына елеулі ықпал еткен жандардың бірі болған.

"Мәдина Ералиева деген әнші болмағанда, Қалдыбек Құрманәлі деген композитор болмайтын еді. Ол менің туған әпкемдей болды. Оны бәрі біледі. Тіпті Жеңіс Ысқақова "сені бізден ерекше көрді ғой" деді. Мәдина Ералиеваның маған деген құрметі ерекше еді. Мені қолымнан жетектеп, облыс-облыс аралап концерт берді. Мен арасында концерт жүргізіп тұрамын. Мәдина Ералиева менен ақша аямайтын еді. Мен қиналып жүргенде үйіне телефон шалып, ақша керегін айтамын. Ол сөмкесін ашып, ал дейді. "Қарызға ма, әлде былай бересіз бе?" деп сұраймын. "Ала бер, менде бар ғой" дейтін. Мен ол кісінің бір нәрсесін ғана қолдаған жоқпын", – деп күрсінді композитор. 

Композитордың айтуынша, әйгілі әншінің тұрмысқа шығатыны туралы хабар оны қатты таңғалдырған.

"Мен оның Болат Назарбаевқа қосылғанын қолдаған жоқпын. Бір күні телефон шалып, күйеуге шығатынын айтты. Мен күлдім. Бала туатындай жағдайда емес қой. Жалғыздықтан шаршаған шығар деп ойладым. Үйіне барсам, екі адам отыр. Қарны қампиған, мұрны қызылдау, сары адам. Мені таныстырды. Мінезі ауырлау екен. Бір-екі сұрақ қойып едім, жауап бермеді. Танымайтын адамға да ашылып, сөйлей алмайсың. Әйтпесе отырған жерді думан-күлкіге айналдыратын едім. Бірақ мен біріншіден, болашақ “жездемді" танымадым. Мәдина әпкемнің өзі айтқанда барып, бір-ақ білдім. Бір кездескенде "қолдамаймын" деп айттым. "Сізге күйеу не керек? Атақты әншісіз, концерт беріп жатырсыз, үйіңіз бар, балаңыз бар” дедім. Самал деген керемет қымбат районда тұрды. 160 шаршы метр болатын үйі. Ол кезде ең керемет үйлердің бірі еді. Роза Бағланова сол үйдің екінші қабатында, Мәдина тоғызыншы қабатында тұрды. Сөйтсем, өзі ұнатып шыққан. Еркін жүргенін қаладым. Ана жаққа барып, тотықұс сияқты болып қала ма деп қорықтым. "Сәл шыда, жездең жомарт, үй де, көлік те алып береді" деді. Бірақ Мәдина өмірден өтіп кетті. Үй алып, көлік мініп, жезде мен балдыз болып араласқан жоқпыз", – дейді композитор. 

Композитор Мәдина Ералиеваның дүниеден өтуіне байланысты жүрекке ауыр тиетін естеліктерін бөлісті.

"Мәдина Ералиева 27 қарашада қайтыс болды. 1 желтоқсанда Мұхтар Шахановтың кешінде ән айтуы керек еді. Туған әпшемдей болған әншінің өлімін Жеңіс Ысқақованың күйеуі естіртті. Ақсайда тұратын Сағира сіңлісінің үйіне барып, азан-қазан болдық. Денесін арнайы самолетпен Алматыға әкелді. Бәріміз әуежайға бардық. Облыс әкімі мені мәйітханаға жіберді. Болат Назарбаев ұшақта бірге келе жатты. Мәйітханада денесін ашты. Болат Назарбаев өлтіріп қойды ма, өзі өлді ме, білгім келді. Бірінші күйеуі Болат Атабаев көрсін дедім. Сол жағынан соққы болған. Ал Болат Назарбаевтың оң қолы сынған. Демек, Мәдина Ералиева рөлде отырған. Сонда Болат Атабаев құсып жіберді. Мен ток соққандай болдым. Болат Атабаев "Мен Болат Назарбаев қызғанып өлтіріп қойды ма деп ойлап едім, саған рахмет” деді. Айтайын дегенім, Мәдина Ералиева өз ажалынан өлген. Болат Назарбаевтың азаматтығына риза болдым. Ол жерлеуге, мейрамханаға 20 мың доллар берді. Бәрінің шығынын өзі төледі", – деп еске алды өнер қайраткері. 

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары