Malim.kz
Қоғам

БҚО-да білім беру ұйымының бухгалтері қаржыны жымқырғаны үшін сотталды

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Батыс Қазақстан облысында Тасқала ауданы білім бөлімінің «Мектептен тыс жұмыс орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бухгалтері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, қаржылық тексеру барысында мемлекеттік қаражаттың заңсыз иемденілгені анықталған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Тергеу нәтижесінде жиналған дәлелдер негізінде қылмыстық іс сотқа жолданып, іс қарауы аяқталды.

Сот шешімімен бухгалтер 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар оған үш жыл бойы материалдық жауапкершілікке байланысты қызметтерді атқаруға тыйым салынды.

Прокуратураның хабарлауынша, жымқырылған 9 миллион теңгеден астам қаражат толық көлемде мемлекет бюджетіне қайтарылған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары