Malim.kz
Сұқбат

БҚО-да кәсіпкерлерге кедергі келтірген қай шенеунік?

Есенжол Елекенов

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кәсіпкерлер Теректі ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі шенеунігінің заңсыз әрекеттеріне қатысты жүгінген.

-Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан кәсіпкерлерге ақпараттық таблоны сауда үй-жайының сыртына орналастыру жөнінде негізсіз талаптар қойылғаны анықталды. Аталған таблоны кәсіпкерлер сауда үй-жайының сыртына орнатқан. Оны орнату сыртқы (көрнекі) жарнама үшін салық төлемдерін кейін төлеуді көздейді. Бұл ретте сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер жөніндегі қағидаларға сәйкес, талаптар сауда үй-жайының ішкі рәсімделуіне ғана қолданылады,- делінген облыстық Антикор таратқан ақпаратта.

Malim.kz тілшісі Батыс Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне хабарласып, кәсіпкерлерге кедергі келтірген шенеуніктің аты-жөнін сұрамақ болған, алайда қоңырауға жауап бермеді.

Теректі ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы  Арайлым Махметқызына да хабарласқанбыз, алайда ол жиналыстамын деп, тұтқаны қоя салды.

Есенжол Елекенов
Автордың басқа материалдары