Батыс Қазақстан облысында жұмыс күшінің жалпы саны 357 мыңнан асса, соның ішінде жұмыспен қамтылғаны – 340 мың адам.
БҚО прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының халықты жұмыспен қамту саласындағы заңдылық мәселесі талқыланған алқа отырысында мәлім еткеніндей, Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес өңірдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,7 пайыз немесе 16 963 адам.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы үш жылда жұмыссыздық көрсеткіші бір деңгейде, яғни (4,6-4,7 пайыз) аралығында. Бір қарағанда, жағдай тұрақты.
Алайда талдау нәтижелері әдемі статистиканың артында есеп жүргізу сапасы мен деректердің шынайылығына қатысты елеулі проблемалар бар екенін көрсетті. «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары бойынша азаматтар жұмысқа орналастырылған ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде олай емес. Кейбіреулер жұмыс уақытында шет елде болған. Бірақ еңбекақы алған, - деді Н.Ұласбекұлы.
Жиында саладағы заң бұзушылықтарды жою, статистикалық деректердің шынайылығын қамтамасыз ету, негізсіз төленген 5 млн-ға жуық теңге бюджет қаражатын қайтару қажеттігі атап өтілді.
БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиевтің нақтылауынша, жұмыспен қамту және жұмыссыздық көрсеткіштері халықты іріктеп зерттеу арқылы, оның ішінде үй шаруашылықтарына тікелей бару кезінде азаматтардан сұхбат алу жолымен реттеледі.
Талдау барысында сұхбаттардың іс жүзінде өткізілмеген деректері анықталды. Атап айтқанда, Бөрлі ауданында сұхбаттар жоқ немесе бос тұрған мекенжайлар бойынша жүргізілген, ал 17 пәтердің меншік иелері интервьюерлердің оларға іс жүзінде келмегенін растады.
Осындай бұзушылықтар Орал қаласында, Тасқала, Сырым, Бөкей ордасы және Бәйтерек ауданында тіркелді.
Сонымен қатар мансап орталықтарының еңбек нарығына мониторинг жүргізу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны белгілі болды. Айталық, Бөрлі ауданында жасырын бос жұмыс орындарын анықтау, электрондық еңбек биржасына мониторинг жүргізу және жұмыс берушілерді әкімшілік жауаптылыққа тарту жұмысы іс жүзінде ұйымдастырылмаған. Осындай деректер Жәнібек ауданындағы 12 ұйымда да орын алғандықтан, қадағалау актісі енгізілді.
- Субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламаларын іске асыру барысында да бұзушылықтар анықталды. Қоғамдық жұмыстарға және «Күміс жас» жобасына қатысушылардың жұмыс уақытында Қазақстаннан тыс жерде болғанына қарамастан, оларға бюджет қаражаты есебінен жалақы есептеу жалғастырылған. Мысалы, Бөрлі ауданында кейбір жұмысшылар 2024 жылғы 1 ақпаннан 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде, атап айтқанда, 22 маусымнан 8 шілдеге дейін, 15 шілдеден 27 шілдеге дейін және 10 қарашадан 1 желтоқсанға дейін елден тыс жерде жүріп, жұмыс орнында 35 күн болмаған. Соған қарамастан, жұмыс уақытын есепке алу табелінде оған заңсыз түрде жұмыс сағаттары қойылып отырған. Соның салдарынан мансап орталығы тарапынан 146 082 теңге артық төленген. Осыған ұқсас бұзушылықтар Орал қаласында 21 адамға қатысты тіркелді, негізсіз төленген қаражаттың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асты, - деді Д.Омарғалиев.
Оның айтуынша, талдау Ұлттық кәсіптер сыныптауышы талаптарының көптеген бұзушылықтарын көрсеткен. Талаптарға сәйкес әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасы төмен білікті кәсіптерге арналмаған. Әйтсе де Бөрлі ауданында 53 адам заңнама талаптарына сәйкес келмейтін жұмыстарға, оның ішінде күзетші, сатушы және әртүрлі жұмысшы ретінде жіберілген.
Міндетті сертификаттары мен тиісті біліктілігі жоқ адамдар жұмысқа орналастырылған.
Осыған ұқсас бұзушылықтар әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 35 және «Күміс жас» жобасы бойынша 28 адамға қатысты жол берілген.