Malim.kz
Қоғам

БҚО тұрғыны Тоқаевқа жүгініп, облыс әкімін сотқа бермек

Арман Қайыпхан
Фото: wikipedia

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің әрекетіне шағым түсірді, деп хабарлайды Malim.kz. Tizgin.kz-ке сілтеме жасап.

Орал тұрғыны Айнұр Сабырдың сөзінше, 2024 жылы Оралдағы газы, суы тартылған үйі суға кеткен. Президент сол тұста «зардап шеккен адамдар үйсіз қалмасын» деп тапсырма берген соң Орал қаласы әкімдігі арнайы комиссиямен қарап, суға кеткен үйлерді тұруға жарамсыз деп танып, орнына үй берген.

«Енді қазір БҚО әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарды сотқа беріп, қала әкімдігі берген үйлерді заңсыз деп тануды сұрап отыр. Бізге бұл үйді берерде құжаттарды тексерістен өтті. Суға кеткен үй-жайымызды жерімен бірге үкіметке өткіздік. Қазір ол біздің атымызда жоқ, үйлер сүрілді, орнын сипап қалдық. Маған үйді «Алагеум Трансформатор» зауыты алып берген. Енді қылышын сүйретіп қыс келгенде облыс әкімдігі бізді бір-бірлеп сотқа сүйреп, үйімізді тартып алмақшы. Біз қыста бала-шағамызбен қайда барамыз?» - дейді Айнұр Сабыр.

Tizgin.kz БҚО әкімі баспасөз қызметіне хабарласып, мәселенің мәнісін білмек болған. Баспасөз қызметі кейін жауап беруге уәде берді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары