Malim.kz
Әлем

«Бұдан әрі не болады?»: Қырғызстан президенті алдағы саяси жағдай туралы пікір білдірді

Айбын Атабай
wikimedia.org

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» ақпарат агенттігіне берген кезекті сұхбатында ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевпен арадағы келіспеушілікке байланысты жекелеген азаматтардың алаңдаушылығына пікір білдіріп, «Бұдан әрі не болады?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz  24.kg сайтына сілтеме жасап.

Жапаров бұл мәселені трагедияға айналдырмауға шақырып, оның артында 7 миллионнан астам досы бар екенін яғни Қырғызстан азаматтарын меңзеп айтты.

«Ештеңе болмайды. Бұл мәселені трагедияға айналдырудың қажеті жоқ. Бұрынғыдан да жақсы болады. Өмір тоқтамайды. Егер бір дос кетсе, менің артымда 7 миллионнан астам досым бар. Мен үшін ең қымбат нәрсе — халқымыз бен қасиетті мемлекетіміз», — деді Қырғызстан президенті.

Оның айтуынша, экономиканың қарқыны одан әрі арта түседі, ал ішкі және сыртқы саясат бұрынғы бағытта жүзеге асырыла береді. Жапаров сондай-ақ халықтың тыныштығын бұзған кез келген адам қатаң жазаға тартылатынын айтты.

Еске салайық, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің досы әрі серіктесі Қамшыбек Ташиевті барлық қызметінен босатты. Қырғызстан басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, «бұл қадамның басты мақсаты — мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікке бөлінудің алдын алу». Бұл жағдай Қырғызстан президентіне мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы өтініш жасалған тұста орын алды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары