Malim.kz
Қоғам

"Бұл – уақытша жағдай": Айгүл Иманбаева күйеуінен бөлек тұрып жатқанын айтты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желіде отбасылық өміріне қатысты қойылған сауалға жауап берді. Өнер иесі қазіргі уақытта жұбайымен екі бөлек елде тұрып жатқанын, алайда бұл жағдайдың уақытша екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Желі қолданушыларының бірі актрисадан арақашықтықтың ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына кері әсер етпей ме деп сұраған.

Айгүл Иманбаеваның айтуынша, шынайы сезім бар жерде қашықтық кедергі бола алмайды. Ол қазір "Болашақ" бағдарламасы аясында Ұлыбританияда білім алып жүргенін түсіндірді.

Өнер иесі кейде адамдар бір шаңырақ астында тұрса да, бір-бірінен рухани алыстап кетуі мүмкін екенін атап өтті. Ал бірін-бірі түсінетін екі адамның арасында мыңдаған шақырым болса да, олардың байланысы үзілмейді деп есептейді.

"Қашықтық бізді алыстатпайды. Өйткені бұл – бір-бірін шын түсінетін, шынайы қалайтын екі жүректің байланысы", – деді актриса.

Айгүл Иманбаева шетелде оқуын жалғастырып, өзіне жүктелген міндетті орындап жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, жұбайымен екі елде тұруы ажырасуды немесе араларындағы сезімнің суығанын білдірмейді.

Әнші қазіргі кезеңді өміріндегі уақытша жағдай деп бағалап, шынайы қарым-қатынас үшін сенім мен өзара түсіністік маңызды екенін айтты.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары