Malim.kz
Шоу-бизнес

"Бұрын бәріне алаңдайтынмын": Дариға Бадықова неге өзгергенін айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Актриса әрі продюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желіде өз бойындағы өзгерістер туралы жазды. Өнер иесі көп нәрсені жүрегінен өткізгенін, бұрынғыдай жұрттың бәріне түсінікті болуға тырыспайтынын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Актриса Instagram парақшасында Айнұр Асанбердіге берген сұхбатынан үзінді жариялаған. Жазбасында ол өзіне жиі қойылатын сұраққа жауап берді.

"Дариға неге өзгерді? Өйткені Дариға көп нәрсені түсінді. Көп нәрсені жүрегінен өткізді. Бұрын бәріне алаңдайтын, бәріне түсінікті болуға тырысатын… Барлық өзгеріске дайынмын! Уақыт даналық!" – деп жазды Бадықова.

Өнер иесі сұхбаттың өзіне ұнағанын да атап өтті. Алайда жазбасында қандай оқиғаларды меңзегенін немесе өзгеруіне нақты не себеп болғанын ашып айтпаған.

Дариға мен Очоу қашан үйленді?

Бұған дейін Дариға Бадықованың Очоу лақап атымен танылған актер әрі әнші Олжас Абайға тұрмысқа шыққаны туралы жазған едік. Алғашында әлеуметтік желіде той безендірулері мен актрисаға сырға тағылған сәттің видеосы тарады. Кейін Дариға көпшіліктен жеке таңдауын құрметтеп, өздеріне бақыт тілеуді сұрады.

Қос өнер иесінің үйлену тойы 2026 жылғы 12 қазанда Алматыда өтті. Қуаныштарына жақындары мен өнердегі әріптестері ортақтасты. Қонақтар арасында Ерке Есмахан мен RaiM, Айқын мен Жұлдыз Өмірғали, Жанболат пен Жазира, Ләйлә Сұлтанқызы болды. Кейін жұптың Қатарға демалуға барғаны белгілі болды.

Дариға мен Олжасты шығармашылық байланыс та біріктіреді. Олар "Таптым-ау сені" фильмінде басты рөлдерді сомдап, кейін де бірге жұмыс істеді. Дегенмен жеке қарым-қатынастарының нақты қашан басталғанын ашық айтпаған.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Болатқызы Бадықова – қазақстандық театр және кино актрисасы, продюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Музыкалық драма және режиссура" мамандығы бойынша білім алған.

Өнер жолын театрдан бастаған актриса көпшілікке "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлімен кеңінен танылды. "Қазақша бизнес", "Гудбай, мой бай!", "Хотя бы кинода 2" фильмдерінде ойнаған. Кейін продюсерлікпен айналысып, "Таптым-ау сені" және оның жалғасын жасауға атсалысты.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары