Malim.kz
Қоғам

Бұрынғы енесімен ұрысқан әйел сотқа тартылды

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Жамбыл облысында бұрынғы енесімен жанжалдасқан әйелдің ісі сотта қаралды. Сарысу аудандық соты оны отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қайшы әрекет жасады деп таныды, деп Malim.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта анықталғандай, екі әйелдің арасындағы жанжал 2026 жылдың қазан айында болған. Сарысу ауданының тұрғыны бұрынғы енесімен сөзге келіп, оған балағат сөздер айтқан.

"Жанжал кезінде әйел жәбірленушіге былапыт сөздер айтып, құрметсіздік танытқан және оның тыныштығын бұзған", – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Істі қарау барысында жауапқа тартылған әйел кінәсін мойындады. Оның түсіндіруінше, бұрынғы енесімен арадағы ұрыс өзара түсініспеушіліктен туындаған. Сөзге келіскен кезде екеуі бір-біріне ауыр сөздер айтып, тіл тигізген.

Ал жәбірленуші ретінде танылған бұрынғы енесі сотта келінін кешіретінін жеткізген.

Сот істің мән-жайын қарап, бұрынғы келінді кінәлі деп таныды. Оған ескерту берілді. Сот қаулысы заңды күшіне енген.

Қазақстанда ене мен келіннің қарым-қатынасы отбасындағы келіспеушіліктерге себеп болып, әлеуметтік желілерде де жиі талқыланады. Бірі енесінің жас отбасының тіршілігіне шамадан тыс араласатынын айтып шағымданса, енді бірі келінінің үлкендерді сыйламайтынына, олардың пікірімен санаспайтынына ренжиді.

Мұндай оқиғаларға қатысты пікірлер де әрқилы. Желі қолданушылары келіннің күйеуінің отбасына қаншалықты бейімделуі керектігін, екі жақтың бір-бірінен не талап етуге құқылы екенін талқылайды. Сондай-ақ ұлдың үйленгеннен кейін анасына көңіл бөлуі мен өз шаңырағына жауапкершілік алуы төңірегінде де дау туындайды.

Осы мәселеге арналған бөлек материалда басылым тілшісі енесімен немесе келінімен арада келіспеушілік болған әйелдердің әңгімесін тыңдаған. Психологпен бірге мұндай жанжалдардың себебін талдап, қайталана беретін реніш пен ұрыстан шығудың жолдарын қарастырған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары