Біріккен Ұлттар Ұйымында жаңа Бас хатшыны сайлау процесінің негізгі кезеңі басталды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қазіргі Бас хатшы Антониу Гутерриштің орнына келетін үміткерлерге қатысты алғашқы жабық консультациялық дауыс беруді (straw poll) өткізді. Бұл дауыс беру түпкілікті шешім қабылдамайды, бірақ кандидаттардың қолдау деңгейін анықтайтын маңызды кезең саналады.
Алғашқы бейресми дауыс беру қорытындысы бойынша Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті әрі БҰҰ Сауда және даму конференциясының (UNCTAD) қазіргі басшысы Ребека Гринспан алға шықты. Одан кейін Гайананың бұрынғы сыртқы істер министрі Каролин Родригес-Биркетт пен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси орналасты. Сарапшылардың айтуынша, алғашқы турдағы нәтиже соңғы шешімді білдірмейді, өйткені алда тағы бірнеше кезеңдік дауыс беру өтеді.
БҰҰ Жарғысына сәйкес, Бас хатшыны Қауіпсіздік кеңесі ұсынады. Ал соңғы шешімді Бас Ассамблея бекітеді. Үміткерді бекіту үшін Қауіпсіздік кеңесінің кемінде тоғыз мүшесінің қолдауы қажет және тұрақты бес мүшенің (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция) ешқайсысы вето қоймауы тиіс. Келесі бейресми дауыс беру 21 тамызға жоспарланған. Сарапшылардың пікірінше, түпкілікті таңдау қыркүйек–қазан айларында белгілі болуы мүмкін.