БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 28 ақпан күні кешке Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты шұғыл отырыс өткізді, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Жиын АҚШ пен Израиль жасаған жаппай әуе соққыларынан кейін шақырылды.
Антониу Гутерриш бұл шабуылдарды да, Тегеранның жауап соққыларын да айыптап, олардың Бахрейн, Ирак, Иордания, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы және БАӘ егемендігіне нұқсан келтіргенін мәлімдеді. Ол Таяу Шығыстағы ахуалды халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген елеулі қауіп деп атады.
Израиль деректеріне сәйкес, соққылар Иранның 20 қаласына, соның ішінде Тегеран, Исфахан, Кум, Шахриар және Тебриз бағытталған. Қаза тапқандар арасында жоғары лауазымды тұлғалар, оның ішінде аятолла Али Хаменеи бар екені хабарланды. Иран БАҚ-тары Минабтағы қыздар мектебіне жасалған әуе соққысынан кемінде 85 адам қаза тапқанын, Тегерандағы мектепке жасалған шабуылдан тағы екі адам мерт болғанын мәлімдеді.
Иран өзін-өзі қорғау құқығына сілтеме жасап, аймақтағы америкалық нысандарға жауап соққыларын жасады. Парсы шығанағындағы бірқатар елдер ирандық зымырандардың тосқауыл қойылғанын хабарлады. БАӘ аумағында зымыран сынықтарынан бір бейбіт тұрғын қаза тапқаны белгілі болды. Сонымен қатар Ормуз бұғазының жабылуы мүмкін екені туралы хабарлар тарады, ал Израиль мәліметінше, ирандық соққылардан елде 89 адам жараланған.